Жарты жыл бұрын Павлодар облысы ПД жеке құрамымен өткен кездесуде ішкі істер министрі артық қағазбастылықтан, қайталанатын функциялардан арылып, қызмет атқару үшін қолайлы жағдайлар жасап, содан кейін ғана тапсырылған жұмыс үшін қызметкерлерден сұранысты күшейтуді тапсырған болатын.

Сол кезде Марат Ахметжанов тәртіп сақшыларының халыққа сапалы және жедел қызмет көрсетуі – азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігінің кепілі екенін атап өтті. Өңірдегі полицияның тиімділігін арттыру үшін ведомство полицейлердің жұмыс жағдайын жақсартуды қолға алған еді. 

Сол сәттен бастап не өзгерді және қандай шаралар жүзеге асты? Бұл туралы облыс белсенділерімен және Павлодар полициясының жеке құрамымен өткен кеңесте айтылды.

– Бүгін біз бірқатар кадрлық процестерді автоматтандырдық. Сіздің ағымдағы жылғы 1 шілдедегі бұйрығыңызбен кезекті шендер беру кезінде ұсыныстарды сұрату туралы талап алынып тасталды. Бұл өзгеріс енгізілген сәттен бастап Павлодар облысы полициясының 220 қызметкеріне ұсыныстарсыз автоматты түрде шендері берілді. Осы жылдан бастап полиция қызметкерлерінің балаларына бала-бақшалардан кезектен тыс орындар беріледі. Павлодар облысында аталмыш жаңашылдықты 65-ке жуық қызметкер сезініп үлгерді. 1 тамыздан бастап жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын қызметкерлерге әкімнің үстемеақысы төленеді, – деді ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары Шыңғыс Алекешев.

Жүйеішілік өзгерістер жұмыс тиімділігін жақсартуға, полицияның «клиентке бағдарланған» моделіне көшуге, жергілікті тұрғындардың өтініштеріне уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді.

Павлодар облысы полициясының осы бағытта іске асырылып жатқан жобаларының бірі – автоматтандырылған көлік жуу, жанармай құю станциясы мен техникалық қызмет көрсету станциясынан тұратын кешен.

Күнделікті қызметке кірісетін тәртіп сақшылары өзгерістің нәтижесіне дән риза.

– Қазір әлдеқайда ыңғайлы, себебі барлығы автошаруашылықта. Мына көліктің аккумуляторы тексерілуде, – деді патрульдік полиция қызметкері Ерсін Шахманов.

Жанармай құю бекетінің де автошаруашылықта болуының өзіндік артықшылықтары бар. Бұл төтенше жағдай кезінде отынның резервтік қорын қамтамасыз етеді. Қызметкерлер мұндай станцияны қала аралап, іздеп жүрмейді.

Павлодарда қызметкерлердің дене шынықтыру дайындығы үшін де барлық жағдайлар қарастырылған. Жергілікті құқық қорғаушылар “Динамо” дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жаттығады. Әр қызметтің өз кестесі бар.

ІІМ басшысы бұл кешенмен де танысып, жаттығу үстіндегі қызметкерлермен сөйлесті.

Ведомство алдағы уақытта да полицейлердің құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тиімді жұмысы үшін жағдай жасауды жалғастыратын болады.

Үш жылдың ішінде полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыруға облыс бюджетінен 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Осының есебінен өткен жылы 15 модульдік және төрт стационарлық бекет енгізіліп, 105 автомобиль сатып алынды. Келесі жылы жалпы сомасы 252 млн теңгеге тағы 20 машина мен 268 компьютер сатып алу жоспарланған.