Ажар Ғиният денсаулық сақтауды дамытудың бірқатар басым бағыттарын белгіледі.

Бұл медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында медициналық қызметтерді қамтуды кеңейту және қолжетімділігін қамтамасыз ету, ауыл медицинасын дамыту, ана мен бала денсаулығын сақтау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту болды.

Ақтөбе облысында 325 МСАК объектісі жұмыс істейді, бұл республиканың барлық МСАК ұйымдарының 5,7%-ын құрайды.

А. Ғиният атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша медициналық алғашқы көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау үшін халықтың, оның ішінде ауылдық жерлерде тұратын халықтың кең ауқымына, ұтқырлығы мен қолжетімділігі жағына қарай МСАК-тың қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.

Осылайша, ауылдағы медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін пациентті қолдау қызметі, инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау, ауруларды басқару бағдарламалары, патронаждың әмбебап прогрессивті моделі, отбасын жоспарлау, ерлер денсаулығын жақсарту, баланың даму кабинеті сияқты МСАК-тың озық практикаларының жобалары енгізілуде.

Министр соңғы екі жылда медициналық көмектің көлемін ұлғайтуға қол жеткізілгенін, атап айтқанда консультациялық-диагностикалық қызметтердің саны 1,5 есеге ұлғайғанын, бұл ауруларды ерте диагностикалаудың қолжетімділігін арттыруға және халықтың денсаулық сақтауға жұмсайтын жеке шығындарын азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұдан әрі Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Ақтөбе облысында 29 ауылдық МСАК объектісін салуды көздейтін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасын іске асыру туралы айтып берді.

Сондай-ақ, республика бойынша пилоттық жобаның шеңберінде 32 көпбейінді аудандық орталық аурухананы, оның ішінде Ақтөбе облысында жаңа 3 аурухананы ашу жоспарлануда – бұл Мұғалжар, Шалқар және Хромтау аудандарындағы көпбейінді ауданаралық ауруханалар.

Ауруханаларда инсульт және кардиология бөлімшелері, тері арқылы енгізу орталықтары, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері, аз инвазивті хирургия, травматология және оңалту бөлімшелері ашылады.

Министр 20 қазаннан бастап елімізде аса қауіпті инфекциялық емес ауруларды анықтау мақсатында ауыл тұрғындарына профилактикалық қарап-тексерулер жүргізу бойынша ауқымды науқан басталғанын еске салды.

«Біз үшін қызметтің басым бағыттарының бірі ана мен баланың денсаулығын сақтау болып қала береді. 2022 жылдың 10 айында облыс бойынша 16,8 мыңнан астам сәби дүниеге келді.  2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 2026 жылға дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделген «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды.  Осы бағдарламаның шеңберінде 2021 жылы Ақтөбе облысында 324 квота бөлініп, 129 әйел жүкті болды, 108 отбасы бала сүю бақытына ие болды», - деп атап өтті А.Ғиният.

Балалардағы ауруларды ерте қамту және диагностикалау мақсатында елде жаңа туған нәрестелер мен ерте шақтағы балаларды скринингтік зерттеу бағдарламасы енгізілді, ол әрбір баланы жаңа туған кезеңнен бастап мектеп жасына дейін сүйемелдей отырып, кезең-кезеңімен кешенді тәсілді жүзеге асыруға мүмкіндік береді, деп хабарлады министр.

Балалар мен жүкті әйелдерді, оның ішінде қауіп тобындағы балаларды зерттеп-қарау және оларға консультация беру үшін пренаталдық ультрадыбыстық скрининг жүргізуді ұйымдастырудың жаңа стандарты бекітілді, 18 ұрықты сақтау орталығы ұйымдастырылды. Нәтижесінде жүкті әйелдерді пренаталдық скринингпен қамту 79%-ды құрай отырып, 6%-ға артты. Сонымен қатар, 49 тұқым қуалайтын зат алмасу ауруларына жаңа туған нәрестелерге скрининг жүргізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды, қауіп тобындағы барлық балалар зерттеліп-қаралды.

Кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі бойынша А. Ғиният азаматтарға бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесіндегі кадрлық қамтамасыз ету бойынша дәрігерлер 78 мың штат бірлігін, оның ішінде Ақтөбе облысында 4 мың штат бірлігін құрайтынын хабарлады. Өңірде дәрігерлік кадрлардың тапшылығы 130,75 штат бірлігін құрайды.

Ағымдағы жылы еліміздің өңірлеріне медициналық жоғары оқу орындарының 1872 түлегі, оның ішінде Ақтөбе облысына – 116, оның ішінде ауылға 26 түлек бөлінді.

Өңір тұрғындары министрге медициналық көмектің қолжетімділігіне қатысты бірқатар сұрақтар қойды, атап айтқанда, онкологиялық ауруларды ерте анықтау мақсатында МӘМС-тен ТМККК-ға онкологиялық аурулардың скринингін қаржыландыру көзін қайта қарау қажеттігін мәлімдеді. Министр өз жауабында халықтың нысаналы топтарын барынша қамту мақсатында онкологиялық скринингтерді қаржыландыру мәселелері онкологиялық қызметті дамытудың кешенді жоспарының жобасы шеңберінде пысықталатынын айтты. Онкоскринингтер қосымша қаржыландыру көлемімен ТМККК пакетіне ауыстырылады деп болжануда. А. Ғиният 2022 жылы МӘМС жүйесінде ауыл тұрғындары үшін асқазан-ішек жолдарының, бүйректің, тыныс алу ағзаларының ауруларын ерте диагностикалау мақсатында 18 жастан 70 жасқа дейінгі қосымша нысаналы топтарға арналған қызметтер тізбесі кеңейтілгенін еске салды.

Азаматтарды жеке қабылдауы кезінде Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы әрбір өтініш бойынша көмек көрсетуді және түсініктеме беруді тапсырды. Сұрақтар сирек кездесетін аурулары бар балаларға медициналық көмек көрсету, мүгедектік беру, ағзаларды трансплантаттау мәселелеріне қатысты болды.