«Мемлекет басшысы жаңа мерзімдегі бірінші Жарлығында ауылдық аумақтарды дамытуға ерекше назар аударды. Осы тапсырманы орындау мақсатында 2022 жылы біздің өңірде ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жобаны қаржыландыруға 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Сондай-ақ, біз «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасын бірінші болып іске қостық, оның аясында облыс бойынша 10 мыңнан астам оқушы, оның ішінде Құмжарған негізгі мектебінің 50 оқушысын Ақтөбенің үздік педагогтары оқытады. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық мекемелердің халыққа қолжетімді ету және медициналық қызметтердің сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту мәселелері шешілуде. Ауылдағы әрбір тұрғын маңызды», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов. 

Есқали Саламатов ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлықтан тәркіленген қаражатты мектеп салуға бағыттауды тапсырғанын алға тартты. 

Аталған тапсырманы орындау мақсатында Қазақстанда алғаш рет Құмжарған ауылында орта мектеп пайдалануға берілді. Оның құрылысына сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істерді тергеу кезінде өтелген қаражат пайдаланылды. Құрылысы ұзаққа созылған жобаны аяқтауға 150 млн теңге жұмсалды.
 
Әлеуметтік нысанның құрылысы 2018 жылы басталған, бірақ әртүрлі себептерге байланысты құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтап қалған.
 
Мектеп құрылысы 2022 жылы қайта қолға алынып, биылғы жылдың басында аяқталды. 1979 жылы салынған мектепте білім алған оқушылар енді ең заманауи жағдайлар жасалған, материалдық-техникалық базасы күшейтілген жаңа ғимаратта білім алады.