Бұдан кейін Мемлекет басшысы мәдениет сарайының мәжіліс залында аймаққа еңбегі сіңген азаматтармен кездесті. Олардың арасында өңірдің дамуына үлес қосып жүрген сала мамандары мен оқыс оқиғалар кезінде белсенділік танытып, азаматтық үлгі көрсеткен кісілер де бар.

Президент өңір белсенділерімен пікір алмасты. Ол бүгін аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып жүргенін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Батыс Қазақстанды еліміздің дамуы үшін маңызды аймақ деп атап өтті.

– Облыстың әлеуеті зор. Елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Осындай кезеңде біз үшін ең құнды нәрсе – бейбітшілік. Осы жолда бәріміз бір ел болып еңбек етсек, ешқандай кедергі болмайды. Бірлігіміз бекем болса, тосқауылдың бәрін еңсереміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы кездесуге қатысқан ғалымдарға, жастарға, еңбек адамдарына қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар Президенттік жастар кадрлық резерві әлеуметтік лифт ретінде жұмыс істей бастағанын атап өтті.