Осы жылдың 2 наурызында Премьер-Министрдің орынбасарымен кездесу барысында Шымкент қаласының кәсіпкерлері gosagro.kz сайты арқылы өтініш беру мүмкіндігінің жоқтығына қатысты шағымдарын айтты. Бұл мәселені шешу үшін Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне АӨК-ті субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне қатысты мәселені қысқа мерзімде шешуді тапсырды.

Бүгінгі таңда Шымкенттің ауыл шаруашылығы өндірушілері мен бейінді мекеменің бірнеше кездесу қорытындысы бойынша фермерлер жүйе арқылы өтінім беру процесін бастады.

СБМАЖ жүйесі ауыл шаруашылығы секторының кәсіпорындарын субсидиялау бойынша мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта көрсету үшін әзірленген. Фермерлер gosagro.kz порталы арқылы АӨК-ті субсидиялауға электрондық өтінімдер береді. Әрбір өтінімге бюджеттің болуына қарамастан реттік нөмір беріледі, содан кейін ол қаралғанға дейін «күту парағына» түседі. «Өтінімдер тізілімі» бөлімінде ауыл шаруашылығы өндірушілері берілген өтінімнің мәртебесін қадағалай алады.

Порталда бірнеше бөлім бар, олардың ішінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау ең жоғары сұранысқа ие.

АШМ деректері бойынша субсидиялау қағидаларына сәйкес жүйеде өтінімдерді қабылдау басталған сәттен бүкіл ел бойынша фермерлер жалпы сомасы 24,5 млрд теңге көлемінде 4 391 өтінім берді. 1,3 млрд теңгеге 270 өтінім мақұлданса, 796,1 млн теңге көлеміндегі 113 өтінім қабылданбады. Порталда орналастырылған барлық деректер еркін қолжетімді.