Журналистің сұрағына берген жауабында облыс әкімі жолсыздық мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Ералы Тоғжановтың айтуынша, Ақтөбе облысы автомобиль жолдарының жай-күйі бойынша «тізімнің төменгі жағынан алғанда екінші орында» тұр. Жалпы, 1000 км автожолды, оның ішінде 190 км республикалық маңызы бар жолды жөндеу жоспарланған.

«Ең проблемалы жолдардың бірі - ұзындығы 96 км болатын «Ақтөбе – Қандыағаш» автожолы. Біз бір жол желісін тапсырдық, биыл құрылысты аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деп сендірді өңір басшысы.

Оның айтуынша, «Ақтөбе-Ұлғайсын» жобасы да іске қосылады. «Шалқар-Қандыағаш» автожолы соңғы 30 жылда жөндеу жұмыстарын көрмеген. Министрлікпен 100 км-ге дейін жолды реконструкциялау туралы келісім бар.

Әсіресе, Ақтөбе қаласы бойынша жергілікті жолдарға қатысты журналисттің сауалына жауап бере отырып, өңір әкімі облыс орталығындағы жолдардың жартысынан көбі қанағаттанарлық жағдайда екенін түсіндірді. Жергілікті жолдардың 703 шақырымын жөндеу жоспарлануда, осы мақсатқа бюджеттен 33 млрд теңге бөлінді.

«Нәтижесінде жолдардың қанағаттанарлық жай-күйі бойынша көрсеткішті 78%-ға дейін жеткіземіз. Сонымен қатар «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында жыл соңына дейін 48 шақырым ауылдық жол жөнделеді. Бірақ мұндай көрсеткіштермен де біз артта қалғандардың қатарындамыз. 78% – бұл шекті көрсеткіш емес деп санаймын, жағдайды жақсартамыз», - деді Ералы Тоғжанов.

Бұл ретте, өңір басшысының айтуынша, 2025 жылға дейін жол проблемаларын шешу үшін жыл сайын облысқа қосымша 15 млрд теңгеге дейін қаражат бөлу қажет.