Спикердің айтуынша, «Саран» индустриялық аймағында тұрмыстық техника шығаратын зауыт ашылып, 1 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.

Еліміздегі ең көп моноқалалар Қарағанды облысында орналасқаны белгілі. Облыс әкімі бүгінде олардың аса қарқынды дамып жатқанын айтты. Облыс басшысы атап өткен «Саран» индустриялық аймағында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа кәсіпорындар үшін инфрақұрылым салынуда. Мұнда 3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Өңір басшысы бұл кейс ерекшеліктері ескеріле отырып, басқа моноқалаларға да қолданылатынын атап өтті.

«Мәселен, Балқаш қаласында Кешенді жоспар әзірленді, оған жалпы қаржыландырылуы шамамен 240 млрд теңге болатын 66 іс-шара кіреді. Біздің мақсатымыз - Балқашта толыққанды туристік кластер құру», - деді Е. Бөлекпаев.

Өткен жыл тұрғындары үшін қиын болған Теміртау қаласында 29 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарлануда. Қазіргі уақытта қазандықтарды жөндеу жұмыстары мен «АрселорМитталТеміртау» кәсіпорнына тиесілі жаңа ЖЭО-2 қазандығының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Облыс басшысының айтуынша, жас мамандар үшін «Отбасы банкімен» бірлесіп арнайы өңірлік ипотекалық бағдарлама іске қосылды. Биыл Қарағандының, сондай-ақ Балқаш, Саран және Теміртау моноқалаларының жас жұмысшыларына 200-ге жуық несие беру жоспарлануда. Жобаның жалпы сомасы – 3,5 млрд теңге. Жұмысшы жастарға баса назар аударылады.

«Біздің моноқалаларда кеншілерге арналған ипотека беру жалғасып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Биыл бағдарламаға «Шұбаркөл көмір» кәсіпорнының қызметкерлері қатысады», – деді әкім.

Өңір басшының айтуынша, облыс орталығының, Теміртау және Балқаш қалаларының экологиялық мәселелерін шешуде жекеменшік үйлерді газдандыру мәселесі маңызды. Осыған байланысты әкімдік халықтың әлеуметтік осал топтары үшін үйлерін газға қосу үшін бірреттік төлемдер белгіледі. Бұдан басқа, облыстың тұрғын үй қорын жаңғырту орталығымен бірлесіп 7 жыл мерзімге пайызсыз қарыздың арнайы бағдарламасы әзірленді.

«Бүгінгі таңда газ тарату желілері Қарағанды мен Теміртаудың 5,5 мың үйіне тартылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 7 мың үйді құрайды», – деп түйіндеді облыс әкімі.