Облыстың ЖӨӨ өткен жылдың қорытындысымен 2 трлн 749 млрд теңгені, нақты көлем индексі 105,3%, 2023 жылы қаңтар-сәуір айларында экономикалық өсім 103% құраған.

Биылғы 4 айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 292,4 млрд теңгені құрап, 103,7% болып қалыптасты. Өңдеу саласының драйверлері қатарында минералды тыңайтқыш өндірісі - 3,1 есе, қант 27,9%, ірімшік және сүзбе 32,4%, жеңіл өнеркәсіп 22,5% өскен. Әкім саладағы 834 кәсіпорында 43,1 адам жұмыспен қамтылған. 2023 жылы саладағы өнім көлемін 105%-ға көтеру міндеті тұрғанын айтты.

Сонымен қатар ол есепті кезеңде өңірде 89,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 7,4% құрағанын атап өтті. Жалпы, өңірге 572 млрд теңге инвестиция тарту көзделген.

«Биыл 85,4 млрд теңгеге 491 жұмыс орнын құрайтын 21 инвестициялық жоба іске асырылады. Ал 2025 жылға дейін 1 трлн 900 млрд теңгеге 4 мың жұмыс орнын құра отырып, 60 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда», – деді Н. Нұржігітов. 

Бірқатар шетелдік инвесторлар Жамбыл облысында ЖЭС салуға қызығушылық танытып отыр. Бұл ретте бірқатар ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде, салаға тартылатын қаржы көлемі шамамен 3 млрд АҚШ долларынан асады және облыстың ЖЭК-нің республикадағы үлесі 40%-ға дейін жетеді.

«Өңірде шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, биылғы 4 айда ШОБ саны 102,9 мың бірлікті құрап, 37,7%-ға артты. Өткен жылдың қорытындысымен осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 151,9 мың адамға, яғни 22,6%-ға ұлғайды», – деп нақтылады әкім.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 198 жобаға 10,7 млрд теңге несие берілген. Сондай-ақ ұлттық жоба аясында 1100 кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсету арқылы жұмыс істейтін субъектілер саны 106 мыңға дейін артып, онда жұмыспен қамтылғандардың саны 155 мыңға дейін артады деп күтілуде.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 70,7 млрд теңгеге 190 жоба қаржыландырылды. Ауыл шаруашылығы саласын қолдауға биыл 27,4 млрд теңге субсидия бөлініп, нәтижесінде 4 айда өнім көлемі 2,1%-ға артып, 57,5 млрд теңгені құрады. Биыл салада 11 млрд теңгеге 11 инвестициялық жоба іске асырылады», – деді облыс әкімі.

Ол мал шаруашылығындағы айтарлықтай өсім туралы баяндады. Мәселен, осы 4 айда 36,2 мың тонна ет, 84,3 мың тонна сүт өндірілген. Жыл қорытындысымен салаға өнім көлемі 10%-ға, ал техниканың жаңару деңгейін 12%-ға арттыру міндеті тұр. Жалпы 2025 жылға дейін 181,2 млрд теңгеге 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын 23 инвестициялық жобаны іске асыру межеленген, деп түйіндеді әкім.