«Атап айтатын болсақ, өңдеу өнеркәсібі – 20,5%- ға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 5,5%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі - 42%-ға, тұрғын үйлерді іске қосу – 0,5%-ға, негізгі капиталға инвестициялар – 23%-ға,ішкі сауда көлемі – 19,2%-ға, көлік қызметтерінің көлемі – 8,3%-ға», – деп нақтылап өтті өңір басшысы.

Мемлекет басшысының қойып отырған ең басты міндеттерінің бірі – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу. Осы ретте өңір экономикасын одан әрі әртараптандыру, соның ішінде өңдеу саласын дамыту бағытында нақты істер қолға алынуда. Нариман Төреғалиев жариялаған мәліметке сәйкес, есепті кезеңде облыс бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,6 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 20,5%-ға артып, 218 млрд теңгені құрады. Өсім металлургия өнеркәсібі, мұнай өңдеу өнімдері, машина жасау, жиһаз, сусындар өндірісі салаларында байқалады.

«Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 23%-ға артып, 429 млрд теңгені құрады. Соның ішінде, жеке инвестициялардың үлесі 348 млрд. теңге немесе 81%-ды құрап отыр. Бұл өте жақсы көрсеткіш», – деді облыс әкімі.

Сонымен бірге өңірде отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында да шаралар атқарылып жатыр. Нариман Төреғалиев мәлім еткендей, 2023 жылы мемлекеттік қорғаныс тапсырыстары бойынша 38 млрд теңгеге 35 шарт жасалған. Ал өңір экономикасын әртараптандыру үшін алдағы 5 жыл ішінде 2,4 трлн теңгеге 67 инвестициялық жобаны іске асыру көзделгенін жеткізді. 

«Соның ішінде биыл 37 млрд теңгеге 45 жобаны іске қосу жоспарланған, күні бүгінге 26 млрд теңгеге 900-ден астам тұрақты жұмыс орнын құрумен 31 жоба іске қосылып, жылдың аяғына дейін 11 млрд теңгеге 14 жоба іске қосылатын болады», - деді БҚО әкімі.

Оның айтуынша, шетелдік инвесторлардың қатысуымен де өңірде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында бірқатар жобалар қолға алынуда. Атап айтқанда, релокация аясында 4,8 млрд теңгеге 265 тұрақты жұмыс орнын құрумен 5 жоба іске қосылды.

«Аталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру өңірімізде қосымша жаңа жұмыс орындарын құруға, салықтық түсімдерді көбейтуге, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндіктер беретін болады», – деді облыс басшысы.