Өңірдің биылғы жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ақпарат берген аймақ басшысы жергілікті денсаулық сақтау саласын білікті кадрлармен қамту бағытында нақты шаралар қолға алынғанын жеткізді.

«Ауылдық жерлерге медицина мамандарын тарту үшін әрбір медицина қызметкеріне 5 миллион теңгеге дейін қосымша қаржылық қолдау бөлдік. 69 маман шетелдерде оқытылды», – деп бөлісті Қарағанды облысының әкімі. 

Облыстың білім беру саласында да жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда,  2025-ші жылға дейін өңірде 22 мектеп салынады, олардың 18-і «Жайлы мектеп» жобасы бойынша бой көтереді. Бүгінде аталған жоба шеңберінде 10 мектептің құрылысы басталып кеткен. Сонымен қатар, облыс әкімі Қарағанды қаласында тағы бір заманауи Оқушылар сарайының құрылысы жүріп жатқанын хабарлады. 

Ермағанбет Бөлекпаев сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы бойынша жұмысқа тоқталып, бұл ретте облыс орталығында ғана емес, моноқалалар мен аудандарда да үйлер салынып жатқанын атап көрсетті. 

«Облыс бойынша барлығы 392 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 400 мың шаршы метрге жеткіземіз. Бұл кезек санын 700-ге қысқартуға мүмкіндік берді», – деп мәлім етті аймақ басшысы. 

Ол «Жас отбасыларға арналған ипотека» бағдарламасының игілігін  97 отбасы пайдаланып үлгергенін жеткізді. Жалпы, аталған бағдарлама бойынша 153 несие беру жоспарланған. 

Бұған қоса, әкім Қарағанды облысында  кеншілер мен металлургтерге арналған жеңілдетілген ипотеканың өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын атап көрсетті. Оның мәліметінше, бүгінде аталған ипотекалық бағдарламамен 2 млрд теңгеге 121 тұрғын үй несиесі берілген.