Жетісу облысындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылғы 5,1%-дан биыл 4,8%-ға төмендеді. Республикалық орташа көрсеткіш – 4,7%. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасаған өңір басшысы Бейбіт Исабаев осындай мәлімет келтірді. Оның айтуынша, биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 29 мыңдай жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар тартылған.
«Халықтың орташа табысы биыл 3-ші тоқсанда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,9%-ға өссе,120 мыңнан 179 мың теңгеге дейін, орташа жалақы 21,1%-ға артты. Әрине бұл көрсеткіштер әлі де республиканың орташа көрсеткішінен 15-30% төмен. Сондықтан бұл бағытта біз жұмыс жүргізетін боламыз», – деді облыс басшысы.
Бейбіт Исабаев өңірде әлеуметтік салада атқарылған жұмыстарға кеңірек тоқталды. Атап айтқанда, жаз айынан бастап Алакөл көлінің жағасында 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арналған 35 орындық сауықтыру жазғы лагері пайдалануға берілгенін жеткізді. Ал Талдықорған қаласында «Қамқорлық» қорымен бірлесіп аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталық және мүгедектігі бар азаматтарға арналған «Асар» спорттық-оңалту кешені ашылды. Бүгінде кешен 175 адамға қызмет көрсетіп отыр.
Сондай-ақ, әкім Талдықорғанда 300 адамға, оның ішінде 54 балаға оңалту қызметі көрсетілетінін хабарлады. Ал келесі жылы Талдықорғанда 150 орындық Оңалту орталығының құрылысы жоспарланған.
Ол мүгедектігі бар азаматтардың жүріп-тұру мәселесі ерекше назарда екенін атап көрсетті.
«Мүгедектігі бар азаматтарға инватакси ауадай қажет. Бюджет пен демеушілік қаржы есебінен 14 инватакси сатып алынды. Қазір облыстағы инватакси саны 36-ға жетті. Өте қажет нәрсе», – деді Бейбіт Исабаев.
Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы ахуалға тоқталған өңір басшысы облыста апатты және үш ауысымды мектептер жоқ екенін баса айтты.
«Барлығы 340 мектеп, 130,3 мың оқушы бар. 37 мектеп – бейімделген мектептер. Соның проблемасы ғана бар. Алдағы 4-5 жылдың ішінде оны шешеміз деп ойлаймын», – деп нақтылады ол.
Бейбіт Исабаевтың ақпаратына сәйкес, 2026 жылға дейін облыста 21 жаңа мектеп салынады, оның жетеуі «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде тұрғызылады.
Облыста барлығы 361 медициналық мекеме бар. Қазір 8 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның екеуі – биыл, тағы алтауы келесі жылы тапсырылады. Ал Талдықорған қаласында демеушілік қолдаумен онкологиялық орталық бой көтереді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін 59 нысан салу жоспарлануда. Екі жылда облыстағы ескірген жөндеуді қажет ететін 112 медмекеменің орнын жаңартып, жаңасын салатын боламыз», – деп мәлім етті Жетісу облысының әкімі.
Мәдениет және спорт салаларында да жаңа нысандарды халық игілігіне тапсыру жоспарға енгізілді. Бүгінгі күні 18 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның 8-і биыл, 10-ы келесі жылы қолданысқа беріледі.