Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының биылғы жыл басынан бергі 10 айдағы қорытындылары Орталық коммуникациялар қызметінде жарияланды. Баяндама жасаған өңір басшысы Нұрлан Ноғаев негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткізілгенін айтты.
Аймақ әкімі ең алдымен келесі жобаларға тоқталды: «Жасыл сутегін өндіру», «Қаламқас, Хазар және Әуезов» кен орындарын игеру және де құбыр бұйымдарын дайындау, металл балқыту жобалары және де кеме жасау, мұнай-газ химиясы саласы жобалары. Ол жалпы құны 27 трлн теңге болатын 8 жоба 3700 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі жұмыстарға келгенде Нұрлан Ноғаев биыл құны 1 млрд теңге болатын 4 жоба іске асқанын, жаңадан 80 жаңа жұмыс орны құрылғанын баяндады. Оның ішінде азық-түлік сақтайтын қоймалар, жылыжай кешені, ет өңдеу комбинаты және ет өнідерін консервілеу жобалары бар.
«Биыл жергілікті кәсіпкерлер Маңғыстау облысында зәйтүн ағашын егу мәселесін қолға алып жатыр. 2 мың түп зәйтүн ағашы егілді. Тәжірибелі түрде Арыс қаласныда және Жаркент қалаларында егілген болатын. Егер осы тәжірибе оң тәжірибе көрсететін болса, кәсіпкерлер 10 мың гектарға дейін зәйтүн егіп, майын алып, кәсіп етуді жоспарлап отыр», – деді өңір басшысы.
Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысы азық-түлік өнімдерінің ның 84% сырттан әкелінетінін атап көрсетті.
«Келесі жылға біз 5 жобаны жоспарлап отырмыз, соның ішінде 4 жылыжай құрылысы бар. Тәуелділікті азайту үшін жылыжайларды қосуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге азық-түлік сақтайтын қоймаларды салу мәселесі бар. Жобалардың құны 2,2 млрд теңге», – деп нақтылады аймақ әкімі.