Қазір индустриялық аймақтарды тиімді пайдалану мақсатында ревизия жүріп жатыр. Басты мақсат – индустриялық аймақтарды жандандырып, өнім көлемін арттыру. Тексерістер нәтижесінде игерілмей жатқан 52 гектарды құрайтын жер телімі анықталды. Бұл жерлерге жаңа инвесторлар тартылатын болады.
«Өндіріс алаңдарын арттыру мақсатында жаңадан көлемі 867 гектар жерді құрайтын 5 өндіріс аймағын құру қолға алынды. Алдағы уақытта 372 млрд теңгені құрайтын 289 жобаны іске асырып, 12 мыңға жуық жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні «Жұлдыз», «Бозарық» индустриялық аймақтарына инженерлік жүйелер тартылып, келер жылы қолданысқа берілетін болады», – деді өңір басшысы.
Одан бөлек, сауда-логистикалық орталықты кеңейту арқылы «Өңірлік хаб» құру жұмыстары да басталды. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Аталған индустриялық аймақтарды іске қосу арқылы да салықтық түсімдерін арттыру көзделуде. Қалада дамып келе жатқан өңдеу өнеркәсібінде де оң динамика бар. Биылдың өзінде 14 жобаны іске асыру жоспарланған.
«Есепті кезеңде жалпы сомасы 11 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылып, 373 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде келесі ірі жобалар бар: «Shymkent Temir» болат - блюм өндіретін кәсіпорнының өндірістік қуаттылығын арттыру жоспарда бар. Құны – 5,0 млрд теңге, жылына қосымша 250 мың тонна өнім береді. 250-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. «NURTAU distribution company» кәсіпорны азық-түлік емес өнімдер, дымқыл майлықтар, антисептиктер, сондай-ақ, сұйық және қатты сабын шығарумен айналысады. Құны – 5,0 млрд теңге. Қуаттылығы - 16 мың тонна, 40 жаңа жұмыс орны ашылды», – деді спикер.