Вице-премьер пәтер кілтін алғандарды құттықтап, азаматтарға жайлы жағдай жасау мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты назарында екенін жеткізді.

«Халықтың әл-ауқатын арттыру, жайлы өмір сүруіне жағдай жасау – мемлекетіміздің ең басты стратегиялық міндеті. Бүгінде елімізде тұрғын үй мәселесін шешудің сатып алу, банктердің ипотека бағдарламалары, мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алу секілді әр түрлі жолдары қалыптасты. Жыл басынан бері еліміз бойынша 7,5 млн-ға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін көрсеткішті 18 млн-ға жеткізу көзделген. Бұл – мыңдаған отбасының баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Аймақ басшы Нұрлыбек Нәлібаев әкімдік бұл бағыттағы жұмысты ары қарай да жалғастыратын болады деп сендірді.  

Пәтер алғандар арасында Гүлсезім Убайділдә да бар. Жолдасымен «жетімдер» санатында кезекте тұрған. Енді екі баланың анасы екі бөлмелі пәтердің иесі атанып отыр.

«Өз баспанаң болғанға не жетсін! Бүгінге дейін туыстардың үйінде де тұрдық, пәтер де жалдадық. Енді міне, өзіміздің баспанамыз бар. Өте қуаныштымыз. Қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтамын», — деді ол.

Баспаналардың құрылысына республикалық бюджеттен 8,5 млрд теңге бөлінген болатын.