Түркістан қаласының Жаңа қала аумағында салынған 4 қабатты білім ордасындағы физика, химия, биология және робототехника кабинеттері заманауи жабдықтармен жабдықталған. Білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін мектепте спорт залдары, шеберлік залдары, зертханалар мен демалыс аймақтары ұйымдастырылған. Жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары жекелеген блоктарда оқиды. Балалардың жас ерекшелігіне орай блоктардың әрқайсысы оқу сыныптарымен, санитарлық тораптармен, спорт залдарымен және жекешелеген кішкене шкафтармен қамтылған. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін инклюзивті кабинеттер, пандустар, жедел сатылар, арнайы бейімделген әжетханалар салынған.
Түркістан өңірінде білім саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай жасау мақсатында облыс басшылығы барлық қажетті шараларды қабылдауда. Соның ішінде білім ошақтарының аумағы мен ғимарат ішінде оқушылардың қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ету басты міндеттер қатарында. Биылғы жылдың өзінде мектептер бейнебақылау, дабыл жүйелерімен қамтылып, полицияның жедел басқару орталығымен интеграцияланды.
Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 29 мектеп салынуда. Оған қоса облыстық бюджеттен және арнайы қордың қаржы көздерінен 20 мектеп пен 1 музыкалық мектеп бой көтеруде. Оның ішінде төртеуі ел игілігіне тапсырылып үлгерді. Қалған мектептердің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы 14 білім нысаны биыл тапсырылса, 7 мектептің құрылысы келесі жылға өтпелі. Түрлі жобалар мен қаржыландыру көздері есебінен екі жылда 50 білім нысаны пайдалануға берілгенде өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешімін таппақ.