Оның айтуынша, ҚХР халықаралық көрмесінде 11 млн доллардың келісім-шартына қол қойылды. Самарқандта өткен 4 «Қазақстан-Өзбекстан» халықаралық ынтымақтастық форумында 12 млн долларға келісім-шарт жасалды. Шанхайдағы 7 халықаралық импорт көрмесінде B2B-келіссөздердің нәтижесінде 3 млн долларға келісімшарт жасалды.
«Ұлан мен Зайсан аудандарында суды үнемдейтін агротехнологиялар бойынша ірі жобалар жүзеге асуда. «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының» қатысуымен «ERTIS BEREKE OSKEMEN» компаниясы бірлескен кәсіпорын құрып, «Su Bereke» брендімен отандық жаңбырлатып суару қондырғысын өндіруге кірісті. Жобаға жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді. Өскеменде жылына 50 мың тонна шикізат өндіретін «Алтай май» май экстракциялау зауытының құрылысы аяқталады. Құны 17.3 млрд теңге. Бюджеттен 2.5 млрд, инвестор 14 млрд астам теңге бөліп отыр. Бұл зауыт өңделген өнімнің көлемін 595 мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін өсіруге мүмкіндік береді. Өсімдік майының экспорты бір жарым есеге ұлғаяды», – деді өңір басшысы.
Шығыс Қазақстанда 80 мың жеке қосалқы шаруашылық бар. Облыс жылына 20 мың тонна сүт және 33 мың тонна ет өндіреді. 32 мың тонна сүт 14 мың тонна ет өнімін тұтынады. Биыл Шемонаиха, Ұлан және Алтай аудандарында өнімділігі жылына 40 мың тонна сүт шығаратын 6 ірі сүт-тауар фермасын іске қосылады. Агроөндірістік кешеннің, соның ішінде ет өнімдерін экспортқа шығарудағы кедергілерді еңсеру үшін бірыңғай көпсалалы лаборатория ашылмақ. Өнімді экспорттайтын негізгі ел – Қытай. «Республикалық ветеринарлық лабораторияның» облыстық филиалының негізінде ашылатын мекеме халықаралық стандарттарға сай акредитациялау жүйесінде тіркеліп, алыс-беріс операцияларын жүргізуге рұқсатнама құжаттарын беретін болады.
Ветеринарлық жағдай ел үшін өте маңызды. Сондықтан келесі жылы 3 млрд теңгеге материалдық базаны күшейту жсопарланған. Бұл сала ерекше бақылауда.
«Еліміздегі су ресурстарының 40%-ы біздің облыста. Өңірде 16 балық шаруашылығы 2 200 тонна өнім өндіреді (4 орын). Бұл көрсеткішті 2030 жылға дейін 10 мыңға дейін ұлғайту жоспарланған. Өткен ғасырда құрып кеткен бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын қалпына келтіру қолға алынды. «OstFish» компаниясы жас бекірені жасанды бассейнде жетілдіріліп, қалыптасқан табиғи ортасына қайтаруда. Биылғы экологиялық акция аясында Қара Ертіске 23 мың бас сібір бекіресі қайтарылды. Су қоймаларының тұрақты экологиясын қалыптастыру жұмыстары жүріп жатыр Бұл – судың сапасын бақылау, уылдырық шашатын жерлерді қалпына келтіру және балықтардың мекенін қорғау шаралары. Айналмалы арналардың құрылысы бекіренің жандануына қолайлы жағдай жасады», – деді спикер.
Форель шаруашылығын дамыту үшін Түркияның тәжірибесі зерттелді. Бұл ел әлемдік нарықтың 15%-ын қамтамасыз етіп отыр. Инновация енгілізіп, бизнес жауапты тұрде іске кіріссе, бұл сала өңірдегі агроөндірістік кешеннің драйверіне айналмақ.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 млрд теңгеге 181 жобаны қаржыландыру мақұлданды. Өткен жылы қаржының 80%-ы мал басын көбейтуге берілсе, биыл басым бөлігі қайта өңдеу өнімдеріне бөлініп отыр.
Дамыған экономиканың негізгін қалыптастыру үшін басым бағыттың бірі – шағын және орта бизнесті қолдау. Кәсіпкерлікті нығайтуға бағытталған шаралар аясында 674 жобаны субсидиялауға және кепілдендіруге 2,1 млрд теңге бөлінді. «Ақ-Ниет» өңірлік бағдарламасы 168 жобаға 1,8 млрд теңгеге несие берді. Бұл салық төлемдерінің 28%-ға, инвестиция көлемінің 16%-ға және шағын-орта бизнес өндірген өнімнің 15%-ға ұлғаюына ықпал етті.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін жергілікті фермерлер мен тауар өндірушілерді субсидиялау, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау шаралары жүзеге асады. Әлеуметтік маңызы бар тауарларды төменгі бағамен сату орындары тұрақты бақылауда. Тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді азық-түлік жеткізу үшін жыл басынан бері 1,4 млрд теңгеге 462 жәрмеңке ұйымдастырылды. «Алтай» көтерме және бөлшек сауда орталығы толық іске қосылғанда тауарды шаруа қожалықтарына делдалсыз, тікелей алатын мүмкіндік туады.
Атқарылған шаралар мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 28 жаңа өндіріс орындары мен шағын өңдеу цехтары ашылды. Осылайша ет және балық өнімдерінен консерві шығару бойынша ШҚО республикада екінші орынға шықты.