Оның хабарлауынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1 800 орындық 2 мектептің біреуі биыл қолданысқа беріліп, екіншісі келесі жылға өтті. Нәтижесінде жөндеуге жататын 95 мектептің 38-і немесе 40%-ы жаңартылады.
«Денсаулық сақтау саласында соңғы 2 жылда 98 нысан пайдалануға берілді, оның 31-і жаңадан салынды, 61 блокты-модульді медициналық кешендер орнатылып, 6 нысан күрделі жөндеуден өтті. Биылдың өзінде 51 нысан бой көтерді, оның 25 жаңа құрылыс, 26 БМК. Келесі жылы тағы 69 нысанды қолданысқа беру жоспарлануда, қабылданған шаралардың нәтижесінде облыста жөндеуге жататын 292 денсаулық сақтау нысанының 167-сі немесе 57,2%-ы жаңартылады», – деді өңір басшысы.
Мәдениет саласында 2022-2024 жылдары 12 мәдениет үйі пайдалануға беріліп, 10 нысан күрделі жөндеуден өтті. Келесі жылы тағы 7 нысан пайдалануға беріліп, жаңару деңгейі 33,3%-ды құрайды.
Спорт саласында 18 нысан іске қосылып, 10 блокты-модульді спорт кешені орнатылды. Сонымен қатар Талдықорғанда «Жетісу» волейбол орталығы және инвестор есебінен спортшыларға арнап салынған төрт қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Жақында инвестордың қаржысына Үстел теннисі орталығы ашылды. Нәтижесінде спорттық нысандардың 74,4% жаңартылып, халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 1000 адамға шаққанда 64%-ға жетті.