Бүгінде монтаждау жұмыстары толық аяқталды. Шардара көпіріне үш су есептеу құралы, «Шардара-Жетісай» көпіріне екі құралдан орнатылды. Сонымен қатар Шардара магистральдық каналына, «Тәуелсіздіктің 20 жылы» каналына, Арыс өзеніндегі гидробекетке, Қызылқұм каналындағы көпірге, сондай-ақ Көксарай контрреттегішінің су жеткізетін және су бұратын каналдарындағы көпірлерге бір-бірден құрал орнатылды.

«Шардара су қоймасындағы су есебін автоматтандыру ЕАДБ гранттық қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастаманы іске асыру су ресурстарын ашық әрі тиімді басқаруға берік технологиялық негіз қалыптастырып, төтенше жағдайлардың туындау тәуекелдерін азайтады және еліміздің су шаруашылығы кешенін сапалы жаңа деңгейге көтереді», – деді су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.