«Біз алдымызға үш мақсат қойдық. Сиырды жақсылап сауу, бұзауды қалдыру және ұрықтандыру.
Бірінші мақсатқа тоқталсақ, сүт алу үшін малға жақсы азық беру керек. Малдың тамағы өте таза, сіңімді болуы тиіс. Қазіргі кезде жүгері, күнбағыс, арпа, сұлы беріп жатырмыз. Оған түрлі қоспалар қосамыз. Биыл қандай қиыншылық болса да, екі жылдық азық дайын. Екінші мақсат, сиырды бұзаулатып, бұзауын сақтап қалу. Әр сиырдың бұзауы 3-4 күн енесінің уызын ішеді. Содан кейін сүтке ауыстырылады. Екі айдан кейін бұзаулар 5 айлық топқа кіреді. Онда оларға кептірілген сүт беріледі. Бұзаулардың салмағы 180-200 кг дейін көтеріледі», - деді серіктестік директоры.
Оның айтуынша, малды ұрықтандыру кестесі жасалады. Ауру табылса, емделеді. Осының нәтижесіде шаруашылық рентабельді жақсы өнім береді.
«Біз күніне 10-11 тонна сүт тапсырамыз, 600 сауынды сиыр бар, оның ішінде 450-500 сауылады. Үкімет те қолдау көрсетуде, сүт тапсырғанда субсидия беріледі, сүтті 165 теңгеден тапсырсақ, литріне 45 теңге субсидия алып отырмыз. Күн сайын 2 млн артық ақша түседі, аптасына бір рет 12-13 млн теңге ақша келеді, ол күнделікті қажетті мақсаттарға, еңбекақы төлеуге жұмсалады. Мысалы, сауыншылар 300-400 мың теңгеден табады, малшылар мен бұзау бағатындар 250-280 мың теңгеден айлық алады. 4 күн демелады, қалған күндері жұмыс істейді. Осындай бағдарда жұмыс істесе, мал да, адам да ешқайда кетпейді, бәрі жұмыс істеп, адал ақша табады, экономика да, шаруашылық та көтеріледі», - деді кәсіпкер.
Былтыр кәсіпорында кадр тапшылығы болғанымен, биыл 32 адам жұмыс істейді. Ауылдарда қосымша үйлер салынып, жұмысқа тартылған азаматтар көшіріліп, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.