Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарының барлығында оң динамика байқалады. Өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 104,9% құрады. Ең үлкен өсім – жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің санында, ол 120,4%-ға, өнеркәсіп өнімі 109,7%-ға, құрылыс 108,8%-ға, өңдеу өнеркәсібінде өсім 106%-ға тіркелді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 8,2%-ға өсіп, 420 млрд теңгені құраған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару 473 млрд теңгеге жетті, бұл өсім мал шаруашылығындағы өндіріс көлемін 4,1%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді.
«340 мың ш м тұрғын үй пайдалануға берілді, өсім арқылы 3 352 отбасы тұрғын үймен қамтылды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша орташа айлық жалақы 24,2%-ға өсіп, 260 мың теңгені құрады», – деді әкім.
Сонымен қатар ол биыл 4 айда негізгі макрокөрсеткіштердің оң динамикасы байқалғанын атап өтті. Құрылыс секторы 159,8%-ға, инвестициялар 112,9%-ға, өңдеу өнеркәсібі 121,3%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 105,3%-ға, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 102,7%-ға өскен. Сумен жабдықтау объектілерін қаржыландыру 2,5 есе, жолдарды жөндеуді қаржыландыру 2,3 есе ұлғайды. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласын қаржыландыру 1,4 есеге, әлеуметтік қорғауды қаржыландыру 1,5 есеге артқан.
«Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген. Кешенді жоспар инвестиция көлемі 1,9 трлн теңге болатын 102 шарадан тұрады. 2028 жылға дейін инвестициялық жобалар пулы жасақталды. Оған 6,8 мың жұмыс орнын құрумен 870 млрд теңгеге 43 жоба енгізілді, оның ішінде биыл 1604 жұмыс орнын ашатын 8 жоба іске асырылып жатыр», – деп нақтылады Н. Ұранхаев.
Өңір халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында биыл 17 млрд теңгеге 54 жоба іске асырылмақ. 2024-2025 жылдары су құбыры желілерінің 19 жобасын салу жоспарлануда. Облысты дамытудың кешенді жоспарына Семей қаласында қоқыс сұрыптау желісін орналастыру үшін жаңа заманауи қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы енгізілген, деді облыс басшысы.