Өңірде 2022 жылы Үшарал қаласының ұшу-қону жолағы іске қосылған. Сондай-ақ «Талдықорған-Достық-Үшарал» автомобиль жолдарының асфальт-бетон жабыны төселгенін айтқан әкім бұл жолдың биыл толық аяқталатынын нақтылады. Сонымен қатар жол бойында әжетханасы, тағы да басқа керек-жарақтары бар эстакадасы бар төрт демалу алаңы іске қосылады.
«Балқашқа дейінгі жол құрылысының 70%-ы биыл бітеді. Келесі жылы толық аяқтап, жаңадан инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысын бастаймыз. Сондай-ақ «Сарыөзек-Жаркент-Қорғас» жолының жөндеу жұмыстары аяқталады, нәтижесінде барлық республикалық маңызы бар жолдардың сапасы жақсарады», – деді Б. Исабаев.
Одан бөлек, Текеліде тау туризмін дамытуға көңіл бөлініп, шаңғы-биатлон кешенін салудың жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Бұрхан-Бұлақ сарқырамасына дейінгі жол қайта жаңартылады.
«Ш. Уәлиханов кесенесіне дейінгі 6,5 шақырым жолды орташа жөндеу жұмыстары тамызда аяқталады. Жергілікті бюджеттен 253 млн теңге бөлінді. «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік ұйымы музей кешеніне күрделі жөндеуді бастап кетті», – деді әкім.