Ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін 2022 жылдың қыркүйегінде қаланы дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданғанын, оның басты миссиясы Алматыны оның тұрғындары үшін жайлы әрі қауіпсіз қалаға айналдыру екенін еске салды. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Қаланы дамыту бағдарламасының тиімді іске асырылуы оның экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз етумен тығыз байланысты.

«Ағымдағы жылы Алматыда өткен жылғы рекордтық экономикалық өсімді ескере отырып, экономикалық дамудың жоғары қарқыны 9,7% деңгейінде сақталып отыр. 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Алматының қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 6,6%-ға дейін өсті. Биылдың қорытындысы бойынша біз экономиканың 5,5%, келесі жылы 6,4% деңгейінде өсуін күтеміз», – деді шаһар басшысы.  

Алматы экономикасының бас драйвері шағын және орта бизнес. Бүгінде бұл салада қалада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 85%-дан астамы, немесе 942 мыңға жуық алматылықтар жұмыс істейді. Шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту мақсатында 2024 жылы бюджеттен 1,8 мың жаңа жобаны қолдау үшін 53 млрд теңге бөлінді, ал 2025 жылға 71 млрд теңге жоспарланған, бұл шағын және орта бизнестің тағы 2 мың жаңа жобасын қолдауға мүмкіндік береді. Басты мақсат – шағын және орта бизнестің қала экономикасына қосқан үлесін 2024 жылғы 60%-дан 2030 жылға қарай 75%-ға дейін арттыру. 

Алматы экономикасын сапалы диверсификациялаудың маңызды компоненті – туризмнің жедел дамуы. Алматы Орталық Азиядағы жетекші туристік дестинация ретінде өз позициясын нығайтуда. 2024 жылдың 9 айында қалаға 1,7 млн турист келді, оның ішінде 507 мың шетелдік қонақтар. Алматының өңірлік туризм орталығы ретінде танылуы жоғары халықаралық бағалармен расталады. Қала шаңғы тебу туризмі бойынша топ-5 бағыттың қатарына енді  және ең жақсы 10 саяхат орындарының бірі ретінде белгіленді. Осы жылдың қарашасында Qatar Travel Mart 2024 халықаралық көрмесінде Алматы әлемдегі 60 елден қатысқан қалалар арасында үздік туристік бағыт мәртебесіне ие болды.