Саммитті ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысқаны және өңірлік кооперацияға қолдау көрсеткені үшін Федералдық канцлер Олаф Шольц пен Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларына ризашылығын білдірді.

Президент былтыр қыркүйекте Берлинде басталған жоғары деңгейдегі диалог тұрақты және сенімді сипатқа ие болғанын атап өтті.

«Бұл Орталық Азия мемлекеттері мен Германияның өңірлік стратегиялық серіктестікті жан-жақты дамытуға мүдделілігі мен ұмтылысын айғақтайды деп санаймын. Біздің кездесуіміз бірлескен жұмысты қорытындылап қана қоймай, кооперацияны одан әрі тереңдетудің жаңа бағыттарын айқындауды мақсат етеді. Бүгін сауда, инвестиция, энергетика, экология, көлік-логистика, білім-ғылым сияқты салаларға қатысты маңызды мәселелерді талқылаймыз. Сындарлы пікір алмасулар елдерімізге пайда әкелетін шешімдер шығаруға ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Германияның әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық тұрғыдан дамуы көптеген мемлекетке жақсы үлгі. Неміс технологиясы мен инвестициясы экономиканың түрлі саласына оң әсер етіп отыр. Сондықтан әлемнің ең дамыған мемлекеті әрі Еуропа Одағының ірі экономикасы саналатын Германиямен кең ауқымды серіктестік орнату – Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері үшін басты басымдық.

Орталық Азия мемлекеттері мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың негізгі перспективалы бағыттары тауар айналымын ұлғайту, энергетика саласындағы ынтымақтастық, өнеркәсіптік кооперацияны, көліктік-логистикалық өзара байланысты дамыту, ғылыми және білім беру байланыстарын дамыту болып табылады.

«Орта дәлізді» одан әрі дамытудың инвестициялық тұрғыдан перспективасы зор. Атап айтқанда, Каспий теңізіндегі порттарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу ісінде мол мүмкіндік бар. Орталық Азия мен Еуропаның көлік-логистика жүйесін одан әрі интеграциялау маңызды міндет болып қала береді. Қазақстан Global Gateway бағдарламасы аясында «Орта дәлізді» дамыту үшін еуропалық серіктестердің 10 миллиард еуро бөлу туралы шешімін құптайды. Осы бағытты Трансеуропалық көлік желісімен және Global Gateway стратегиясымен ұштастыруда Германия тарапы қолдау көрсетеді деп сенеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға баса мән берілді.

«Елдеріміз санқырлы форматта, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында тығыз қарым-қатынас жасайды. Біз алдағы уақытта да әлемде баламасы жоқ осынау әмбебап Ұйымның терроризммен, эсктремизммен, заңсыз көші-қонмен және климаттың өзгеруімен күрестегі, сондай-ақ бітімгершілік пен қарусыздандыру ісіндегі күш-жігерін толықтай қолдауға ниеттіміз. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау үдерісіне де белсене атсалысуға дайын. Бірқатар дамыған мемлекет, соның ішінде Германия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің қатарында болуға әбден лайық. Орайлы сәтті пайдалана отырып, 2027-2028 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ұсынған Қырғыз Республикасына табыс тілеймін. Қырғызстан Орталық Азияда және одан тысқары жерлерде тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қоса алатынына сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Саммитте ГФР Федералдық канцлері Олаф Шольц, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі. Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды.

Материалға сілтеме: Kazakhstan Hosts Summit of Central Asian Countries and Germany - The Times Of Central Asia (timesca.com)