ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Парламент Сенатының депутаты, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев «Еңбек адамы ел тірегі» саяси бастамасын жүзеге асыруға арналған іс-шаралардың басталуын жариялады.

Баспасөз маслихатына «Ауыл» ХДПП басшылығы, мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталған партия мүшелері, еңбек озаттары қатысты.

Бұл бастама бірнеше жыл бойы партия мүшелері тарапынан қозғалып келеді. Нұр-Сұлтандағы партияны XVI съезінде делегаттар қазіргі қоғамда қажырлы еңбегімен, маңдай терімен еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келе жатқан қарапайым еңбек адамдары ескерусіз қалып жатқанын айтты. Олардың өмір жолдары, еңбек баспалдақтары өскелең ұрпаққа үлгі – өнеге болуы тиіс.

2019 жылғы 27 қарашада «Ауыл» ХДПП – ның кезекті XVI Съезінің жұмысы барысында съезд делегаттары бұл бастаманы қолдауға шешім қабылдады. «Еңбек адамы ел-тірегі» саяси бастамасының негізгі мақсаты - қоғамдағы еңбек адамының мәртебесін, ауыл еңбеккерлерінің беделін көтеру және елдің экономикалық дамуының тірегі ретінде жұмысшы мамандықтарындағы адамдарға деген позитивті көзқарас қалыптастыру.

Ұсынылған саяси бастама аясында партияның филиалдары студенттер, мектеп оқушылары және болашақ мамандармен еңбек озаттарының кездесулерін ұйымдастырады. Қазіргі уақытта «Ауыл» ХДПП филиалдарының Саяси кеңестері облыс, қала, аудан әкімдіктеріне «Облыстың құрметті азаматы», «Қаланың құрметті азаматы», «Ауданның құрметті азаматы» сияқты атақтарға лайықты еңбек адамдарын ұсыну үшін тізімдерді қалыптастыруда.

Сонымен қатар, «Ауыл» ХДПП-ның әр филиалы жыл бойы мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ұсынылатын үміткерлерді анықтайды. Олардың қатарында ауылшаруашылық еңбеккерлері, механизаторлар, тракторшылар, сауыншылар, фермерлер, ауыл мұғалімдері, дәрігерлер және т.б.мамандық иелері бар. Бұлар ондаған жылдар бойы адал еңбегімен, ерекше қажыр –қайратымен аймақтардың дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан марапат пен құрметке лайықты тұлғалар.

Сонымен қатар, «Еңбек адамы - Ел тірегі» саяси бастамасы аясында «Ауыл» партиясы YOU-tube арнасында «Еңбек адамы - ел тірегі» тақырыбындағы бейне ролик конкурсын өткізуді жоспарлап отыр. Ережеге сәйкес кез келген шығармашылық топ және жекелеген тұлғалар бұл конкурсқа қатыса алады. Сайыстың ережесі жақын арада «Ауыл» ХДПП-ның auyl.kz ресми сайтында жарияланады. Бұл байқаудың нәтижелері жыл соңында анықталады.