Қазақстанның өкілі тұңғыш рет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тұрақты Өңірлік комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлім етті. Оның айтуынша, Алексей Цойдың сайлануы өте маңызды оқиға.

«Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының 70-ші сессиясының төрағасы болды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет біздің министр жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша ДДСҰ тұрақты Өңірлік комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұған дейін Қазақстан 1995-1997 жылдар аралығында осы Комитеттің қатысушысы болған», - деді Б.Қожахметов.

Ол Қазақстанның Тұрақты комитет жұмысына қатысуы тұрақты кеңестерде ел мен өңірдің мүдделерін білдіруге, ДДСҰ Еуропалық өңірі деңгейінде шешімдер қабылдауға қатысуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Тұрақты комитет ДДСҰ Еуропалық өңірлік комитетінің кіші комитеті болып табылады және үш жыл мерзімге сайланатын 12 елдің өкілдерінен тұрады. Тұрақты комитет ДДСҰ - ның Еуропалық өңірлік комитетінің атынан өкілдік етеді және оның шешімдері мен саясатының орындалуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ ұсыныстар береді және консультативтік көмек көрсетеді», - деп түсіндірді ресми өкіл.

Тұрақты комитеттің жұмыс кеңестері жылына кемінде 4 рет өткізіледі. Ал ұсынымдар қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер мен стратегиялық құжаттар өңірдегі мүше мемлекеттер үшін міндетті болып табылады. ДДСҰ бағалауы бойынша, мұндай шешімдер Еуропалық Одақтың, Орталық және Шығыс Еуропаның, Кавказ бен Орталық Азияның 900 миллион тұрғынының денсаулығы мен әл-ауқатына әсер етеді.