Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирусты инфекцияның таралуының ағымдағы жағдайы туралы айтып берді.

Денсаулық сақтау министрінің ақпараты бойынша Қазақстанда қазіргі уақытта коронавирусты жұқтырған 9 300-ден астам азамат тіркелген, оның ішінде 4 613-і жазылып, 37 науқас коронавирусты инфекция салдарынан қайтыс болған, 4 653 адам ем алуда. Инфекцияның жұғуы жергілікті сипатқа ие (Атырау, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында). Осы аймақтарда аурудың өсуі ұйымдасқан еңбек ұжымдарында өршумен байланысты, бұл жағдай тестілеулер арқылы анықталған.

Министр кәсіпорындарда нақты санитарлық шараларды сақтауға, сондай-ақ алдын алу тестілеулерін ұмытпауға шақырды. Бүгінгі күні Денсаулық сақтау министрлігі тестіленетін халық санатының нақты тізімін анықтады, күн сайын сырқаттанушылыққа эпидемиологиялық қадағалау жүргізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тестілеу деңгейі тәулігіне 25 мың тестке дейін жетті. Тестілердің 37% алдын алу мақсатында, инфекциялардың әлеуетті ошақтарын анықтау үшін жасалды, бұл симптомсыз науқастарды анықтауға мүмкіндік берді. Мұндай симптомсыз науқастардың деңгейі 70% құрайды.

«Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус тақырыбы бойынша ғылыми жарияланымдар мен ірі зерттеулердің нәтижелерін үнемі зерделейді және өзінің тактикасын түзетеді, бірақ, жалпы алғанда, ол карантиндік шектеу іс - шаралары мен ауруды ерте анықтау үшін белсенді тестілеудің үйлесіміне негізделеді», - деді Е. Біртанов.

Коронавирустық инфекциямен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша қатаң карантиндік шараларды сақтау жөнінде нақты тапсырмалар айқындалып берілді. Министр өз сөзінде пандемия жалғасатынын және төмендеуі карантиндік шаралар негізінде жүріп жатқанын еске салды. Сондықтан тепе-теңдікті табу маңызды. Талдау көрсеткендей, жұқтыру көбінесе жұмыс орындарында немесе отбасы ортасындағы әлеуметтік байланыста болады, сондықтан әлеуметтік қашықтықты сақтау маңызды.

Сөз соңында Е. Біртанов азаматтарға коронавирустық инфекцияның бар екендігін ұмытпау туралы өтініш білдірді. Біздің әрқайсымыздың, жақындарымыздың және балалардың денсаулығы карантиндік шаралардың қалай сақталатынына байланысты екенін атап өтті.