Қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, Білім және ғылым министрлігі мұғалімдерге оқу процесін өткізу форматын таңдауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында білім вице-министрі Шолпан Каринова журналистің қойған сұрағына берген жауабында мәлімдеді.

БҒМ өкілі, Алматы және Шымкент қалаларында кейбір мектептерде сабақты онлайн өтетін мұғалімдерді күнделікті жұмысқа келуге міндеттеп жатқаны туралы хабарға қатысты өз пікірін білдірді.

«Алматы мен Шымкент қалаларында мұндай фактілер орын алса, біз әр фактіні жеке қарауға дайынбыз. Жалпы, министрлік барлық оқу процесіне байланысты әдістемелік ұстанымды барлық білім мекемелеріне жеткізген болатын. Мұғалімдерге мектепке келіп сабақ өткізуге және және үй жағдайында жүргізуге мүмкіндіктер жасалды. Барлық мектептерде интернет жүйесі жақсы, компьютерлер де жеткілікті. Кейбір мұғалімдер мектепке келіп жұмыс істеуге ниетті. Бұл олар үйренген дәстүрлі формат. Ал қыстап, сабақты мектепке келіп өткізу – бұл дұрыс емес»,-деді вице-министр.