Коронавирус инфекциясының пандемиясына байланысты Қазақстан онкологиямен ауыратын науқастарды тексеру, ауруханаға жатқызу және емдеу алгоритмдері мен хаттамаларын өзгертуге мәжбүр болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрайымы Диляра Қайдарова хабарлады.

«Коронавирустық инфекция пандемиясы медицина қызметкерлері үшін де, пациенттер үшін де жаңа ережелер енгізуді талап етеді. Тікелей маманнан кеңес алу үшін COVID-19 тапсырылған экспресс-тест нәтижесі теріс боулы керек, ал стационарға жатқызу үшін науқастың COVID-19 тапсырған ПТР-талдауының теріс нәтижесі ғана қажет», - дейді Д.Қайдарова.

Оның айтуынша, ота жасамас бұрын өкпенің зақымданбағанын анықтау үшін науқасқа компьютерлік томография жасалады.

«Яғни, КВИ кейде симптомсыз және жеңіл өтеді, бірақ иммунитеттің төмендеуіне байланысты қатерлі ісікке қарсы емдеу кезінде коронавирус тудырған пневмонияның клиникалық белгілері анықталады. Сондықтан біз барлық пациенттерге КТ немесе өкпе рентгенін міндетті түрде жасаймыз. Сонымен қатар, COVID-19 талдауынан басқа, жалпы қан талдауы, биохимия, коагулограмма, АҚТҚ, гепатит, электрокардиограмма, өкпе рентгені сияқты әдеттегі талдаулар алынады. Оның бәрін бұрынғыдай тұрғылықты немесе тіркелген жері бойынша емханаларда тапсыруға болады», - деді Қайдарова.

Сондай-ақ, онкопациенттер үшін қашықтан және онлайн-консультациялар беріледі. Барлық толық ақпарат onco.kz сайтында ұсынылған.