ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-баспасөз конференциясы аясында Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің бастығы Ержан Саденов елорда тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету шаралары және карантин жағдайында Нұр-Сұлтан қаласындағы блокпостардың жұмысы туралы хабардар етті.

Спикердің ақпараты бойынша, коронавирустың таралуының және азаматтардың қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында мемлекеттік комиссия 19 наурыз күні сағат 00.00-ден бастап Нұр-Сұлтан қаласына карантин енгізу туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты елордалық полиция қызмет атқарудың ерекше тәртібіне көшірілді. Полицияның негізгі міндеті қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Қазіргі уақытта Департамент коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу және жолын кесу бойынша шаралар қабылдауда. Нұр-Сұлтан төңірегіндегі Жібек жолы, Қосшы, Қараөткел, Талапкер, Қоянды кенттері мен ауданындарда Денсаулық сақтау органдарымен, Қорғаныс Министрлігінің және Ұлттық Ұланның әскери қызметшілерімен бірлесіп автокөліктің барлық түрлерінің кіруін және шығуын шектеу үшін блокпосттар қойылады. Бұған дейін қалаға қайтып келген Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары үшін ерекше жағдай жасалады.

Астаналық полиция департаменті барлық тұрғындарды карантиндік іс-шараларды жүзеге асыруға жұмылдырылған ішкі істер органдары қызметкерлерінің талаптарын мүлтіксіз сақтауға және түсіністікке шақырады. Сондай-ақ, спикер коронавирустық инфекция бойынша жалған ақпаратты таратқаны үшін жауапкершілік туралы ескертті. Төтенше жағдай режимін және карантинді бұзу қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.