Президент полипропилен және полиэтилен өндірісі жөніндегі жобаларға қатысты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуын құптады. Бұл жобаларды «Самұрық-Қазына» мен «ҚазМұнайГаз» компаниялары жүзеге асырып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған келісімді Қазақстан мен Ресейдің серіктестік қарым-қатынастарын одан әрі нығайтуға тың серпін береді деп санайды.

– Серіктестігіміздің басталғанына қуаныштымыз. Сіздер мұнай-химия кешенінің құрылысына қатысты мәселелермен бірлесіп айналысасыздар. Қазақстан Үкіметі менің тапсырмам бойынша жобаларды іске асыруға жан-жақты көмек көрсетеді. Біз іс жүзінде нақты нәтижеге қол жеткізуге тиіспіз. Жуырда өткен Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық форумында Владимир Путин екеуміз екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастық мәселелерін мұқият зерделеуге және нақты нәтижелерге қол жеткізуге келістік, – деді Мемлекет басшысы.

 

«СИБУР Холдинг» компаниясының басшысы Дмитрий Конов Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықтың перспективалары мен Ресейдегі біріккен ірі мұнай-газ компаниясының даму жоспары туралы айтты.

– Бүгінде Қазақстанда полипропилен өндіру жобасы бойынша жақсы база қалыптасқан. Оның құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі кезеңде кадрларды даярлауға көмектесудің тиімділігін көріп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды бастап та кеттік.  «ҚазМұнайГаз» компаниясының 100-ге жуық қызметкері дайындықтан өтті, бұл жұмысты жалғастыра береміз, – деді Дмитрий Конов.


Оның айтуынша, «Сибур» компаниясы мұнай-газ химиясы саласындағы басқа да жобаларға қатысуға дайын.