Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният аталған заң жобаларын ҚР Парламенті Сенатында ұсынды. Ол атап өткендей, Қазақстанда алғаш рет әзірленген заң жобаларының негізгі мақсаты - биологиялық қатерлерді болжау, ерте анықтау және алдын алу. Биоқауіптерге қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін мынадай бағыттар шеңберінде құру жоспарлануда.
Бірінші бағыт - жүйелі және дәйекті мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету, стратегиялық жоспарлау, биоқауіптердің алдын алу бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, биоқауіпсіздік саласындағы басым ғылыми-зерттеу бағыттарын айқындау.
Екінші бағыт Мемлекеттік басқарудың Үйлестірілген ведомствоаралық жүйесін құрудан және оның алдын алу функциясын күшейтуден тұрады.
"Уәкілетті орган енгізіледі, оның негізгі міндеті биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі шеңберінде ведомствоаралық өзара іс - қимылды және мемлекеттік органдардың іс-қимылдарының келісілуін қамтамасыз ету, биоқауіптердің алдын алу бойынша алдын ала және тиімді шараларды әзірлеу үшін түрлі салалардан ақпарат жинау және талдау", - деді А.Ғиният.
Профилактикалық функцияны күшейту шеңберінде алдын ала ескертусіз аса қауіпті патогендермен жұмыс істеуге қатысты мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ биоқауіпсіздік саласында жедел ден қою және профилактика шаралары көзделеді.
Үшінші бағыт бейіндік қызметтер мен халықтың ықтимал төтенше жағдайларға дайындығын қамтамасыз етуді көздейді.
Бұл әрбір ықтимал қауіп-қатер үшін биоқауіпсіздік саласында әрекет ету хаттамалары (сценарийлері) әзірленетін болады, олар мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың іс-қимыл алгоритмдерін, олардың ТЖ жағдайында ведомствоаралық өзара іс-қимылын көздейтін болады.
Министрдің айтуынша, заң жобасы биоагенттермен жұмыс істеуге қойылатын жіктеулер мен талаптарды біріздендіруді көздейді. Алғаш рет заңнамалық деңгейде халықаралық тәжірибені ескере отырып, патогендік биоагенттердің жіктелуі енгізілді. Жіктеу биоагенттердің қауіптілік дәрежесіне байланысты патогенділігінің 4 тобын қамтиды.
Жіктеуді ескере отырып, патогенді биоагенттермен жұмыс істеуге қойылатын жалпы талаптар жүйеленеді.
Бесінші бағыт патогенді биоагенттердің айналымы туралы деректерді есепке алу мен мониторингілеудің бірыңғай жүйесін құруды көздейді.
"Біз инфекциялардың пайда болуы мен таралуын болжау арқылы оларға қарсы іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне өту үшін жағдай жасаймыз. Салдармен күресуден тәуекелдерді болжауға және бағалауға баса назар аударылады, сондықтан заң жобасы оларды болдырмау үшін пайдаланылуы мүмкін барлық ақпаратты орталықтандырылған есепке алу мен мониторингілеуді көздейді", - деп атап өтті Ажар Ғиният.
Бұдан басқа, ілеспе заң жобасында қауіпті патогендердің заңсыз айналымы, сатылуы және ұрлануына байланысты, сондай-ақ ауыр зардаптарға әкеп соққан олармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу, осы жұмыстарды жүргізу сапасын арттыру мақсатында Денсаулық сақтау саласында дезинфекция, дезинсекция және дератизация жөніндегі көрсетілетін қызметтерді лицензиялау сияқты нормаларды енгізу жоспарланған.
Ұсынылған биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі заң жобаларын бүгін Парламент Сенаты екі оқылымда қабылдады.