Кеңес Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің, қорғаныс, ағарту, денсаулық сақтау министрліктерінің, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Азаматтарға арналған үкімет «мемлекеттік корпорациясы», Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы мен Цифрлық үкіметті қолдау орталығы өкілдерінің қатысуымен өтті. 

Кездесу барысында Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев ведомствоаралық деректер алмасу саласындағы процестерге реинжениринг жүргізу қажеттігіне назар аударды. Бұл шаралар мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортада ақпарат беру жылдамдығын арттыруға, ең бастысы оның сенімділігі мен сапасын арттыруға ықпал ететін болады. 

Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы – Қарулы күштер Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Сәкен Жүсіпов кеңеске қатысушыларға шақыруға дейінгі жастарды есепке алуды ұйымдастыру мен мерзімді әскери қызметке шақыруды жүргізудің қолданыстағы тәртібін таныстырды. 

Ол, сондай-ақ цифрлық «рельстерге» көшу мен мемлекеттік органдардың деректер базасын интеграциялау бірқатар артықшылықтар беретінін атап өтті. Біріншіден, бұл азаматтарды шақыру учаскелеріне тіркеудің күшін жояды. Екіншіден, тұрғылықты жерін ауыстырған кезде әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке қою және әскери есептен шығару қажеттілігі алып тасталатын болады. Үшіншіден, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және босату күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын, соттылығы бар немесе диспансерлік есепте тұрған азаматтар үшін проактивті форматта берілетін болады. Азаматтардың көрсетілген саны жыл сайын әскерге шақырылушылардың жалпы санының 65% - дан астамын құрайды.

Ведомствоаралық цифрлық өзара іс-қимыл азаматтарға түрлі анықтамалар мен құжаттарды ұсынудағы талаптарды алып тастауға мүмкіндік береді. Бұл ең алдымен Президенттің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократияландыру жөніндегі шаралар туралы» жарлығының орындалуын қамтамасыз етеді.

Кеңес қорытындысы бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин процестерді оңтайландыруға, шешім қабылдаудағы қателіктерді болдырмауға және адам факторының әсерін барынша азайтуға мүмкіндік беретін міндеттерді айқындады.