Қаржы министрінің айтуынша, Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалу барысы келесідей қалыптасып отыр.

Кешенді жоспар мемлекеттік меншіктегі және квазимемлекеттік сектордағы 675 объектіні қамтиды, оған республикалық меншіктегі 7 объекті; коммуналдық меншіктегі 250 объекті; ұлттық холдингтер мен компаниялардың 262 объектісі; әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың 156 объектісі кіреді.

Бүгінде Кешенді жоспардағы 675 объектіден сомасы 141,7 млрд теңге болатын 253 объекті бәсекелес ортаға берілді; 60-сы қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді; 146-сы сауда-саттықта болса; 216 объекті сату алдындағы дайындықта тұр.

«Кешенді жоспардағы сату, қайта ұйымдастыру және тарату бойынша процестерді ескерсек, оның орындалуы 46%-ды құрайды. Ал Кешенді жоспар объектілерін сауда-саттыққа шығару көрсеткіші 68%-ды құрап отыр», — деді министр.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуныша, Кешенді жоспарды уақытылы және тиісінше орындау мақсатында мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында әрбір объектіні сатуға шығару бойынша іс-шараларды өткізу мерзімдері көрсетілген жол карталары орналастырылды. Жол карталары ашық қолжетімді. 

Бұдан басқа, объектілерді сатуға шығару мерзімдеріне тәсілдер белгіленді. Оларға сәйкес осы жылдың соңына дейін Кешенді жоспар объектілерінің 80%-на дейін сауда-саттыққа шығару көзделген.

«Қаржы министрлігі сату жол карталары бойынша іс-шаралардың орындалуына тұрақты мониторинг жүргізеді», — деді қаржы министрі. 

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, биыл Кешенді жоспардың 295 объектісі сатуға шығарылуы тиіс болатын.

Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша олардың ішінен сомасы 86,1 млрд теңге болатын 36 объекті бәсекелес ортаға берілді, 32-сі қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді, 146 объекті сауда-саттықта тұр.

Министрдің айтуынша, Кешенді жоспар объектілерінің 80%-на жуығын сауда-саттыққа шығаруды қамтамасыз ету үшін жыл соңына дейін тағы 81 объектіні сатуға шығару қажет болады.

«Биылғы қыркүйекте және қарашада мен бұл мәселе бойынша арнайы жиналыс өткізіп, қажетті іс-шараларды жеделдету бойынша тиісті тапсырмалар берген болатынмын. Олардың нәтижелері бойынша мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталына жаңадан енгізілген 13 объекті бойынша жол карталары енгізілді, сондай-ақ, коммуналдық меншіктегі және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың 24 объектісі бойынша жол карталары өзектендірілді. Бұған дейін бұл объектілерді сатуға шығару мерзімдері айқындалмаған болатын», — деді Е. Жамаубаев. 

Бұдан басқа, жақында Қазақстан қор биржасында және Астана халықаралық қаржы орталығының биржасында IPO арқылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акцияларын орналастыру процесі басталды.

Негізінен өңірлер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының көбісі Кешенді жоспар объектілерінің 80%-ын сатуға шығарғанын атап өткен жөн.

Бұл ретте жекелеген өңірлер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар объектілерді сатудың 90-100%-ын қамтамасыз етті. Бұл Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстары, сондай-ақ, «Kokshe», «Тобыл», «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары. 

Дегенмен 7 өңір мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары көзделген көрсеткішке сәйкес дер негізінде нысандарды сатуға шығарып үлгермеген.

Ең төменгі көрсеткіштер Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында, «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында байқалады. 

«Баяндалғанды ескере отырып, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, ұлттық холдингтер мен компаниялардың, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың басшылары Кешенді жоспар бойынша іс-шараларды ерекше бақылауға алып, оның толық орындалуын қамтамасыз етулері қажет деп есептейміз. Тиісті тапсырма беруіңізді сұраймын», — деді қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Әрі қарай ұлттық экономика министрі Ә. Қуантыров баяндама жасады.

«Бәсекелестікті арттыруға бағытталған кәсіпорындарды жекешелендіру арқылы мемлекеттің қатысуын қысқарту жұмысы жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі жекешелендіру бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп айтарлықтай жұмысты атқарды», — деді Ә. Қуантыров. 

Бірінші. Осы жылдың ақпан айында жекешелендіру тізбесін одан әрі кеңейту үшін активтерді іріктеу критерийлері бекітілді. Бұл: 

- маңызды аспектілер бойынша стратегиялық шешімдер қабылдау құқығын бермейтін бақыланбайтын пакетке иелік ету; 

- қызметтің негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізбеу; 

- шағын және микро кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызу; 

- жобаның өзін-өзі ақтау мерзімінің өтуі. 

Яғни, әлдебір нысан көрсетілген критерийлерге сәйкес келсе, онда ол жекешелендіруге жатқызылады. 

Бұдан басқа, Агенттіктің мандатын кеңейту аясында Жекешелендірудің жаңа екі критерийі енгізілді, ол монополияға қарсы органның бәсекелестік ортаға беру жөніндегі ұсынысының болуы және монополияға қарсы орган ұсынған тауар нарығында болу мерзімінің өтуі.

Жоғарыда көрсетілген критерийлер негізінде бүгінгі таңда кешенді жоспар 170-тен астам нысанды қосу арқылы өзектендірілді. Кәсіпкерлердің жекешелендіру объектісін таңдау құқығы бекітілді. Нысан жеке бастама болған жағдайда сатылуы мүмкін.

Бұл ретте жекешелендіру кезінде мемлекет мүдделерін сақтау мақсатында:

- стратегиялық ұйымдардағы, мәселен, ҚазМұнайГаз, Қазақстан темір жолы, QazaqGaz және т.б. компанияларында бақылау үлесін сақтау; 

- сатып алу-сату шартын жасасқанға дейін қызметкерлер штатын қысқартпау ережелері көзделген. Объектілер уақытылы сатуға шығарылмаған жағдайда, лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады. 

Екінші. Жекешелендірудің және мемлекеттік комиссия қызметінің ашықтығы қамтамасыз етілді. Мемлекеттік комиссияның ұсынымдық шешімдерін жариялау; жекешелендіру процесінің әрбір кезеңі бойынша активтер бөлінісінде толық ақпаратты жариялау; әлеуметтік нысандарды және стратегиялық маңызы бар объектілерді сатудан бұрын, оны жұртшылықпен, оның ішінде БАҚ өкілдерінің қатысумен алдын ала талқылау міндетті.

Тікелей атаулы сату кезінде тиісті негіздемелер жарияланады. 

«Сонымен қатар Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайты Мемлекеттік мүлік тізілімімен интеграцияланған, онда жекешелендірудің әрбір объектісі мен процесі туралы толық ақпарат беріледі», — деді ұлттық экономика министрі.

Үшінші. Мемлекеттік монополистердің орнына жеке монополистердің пайда болуына жол бермеу мақсатында коммуналдық шаруашылықтарды жекешелендіру тәсілі қайта қаралды. 

Министрдің айтуныша, көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін және олардың сапасының нашарлауын болдырмау мақсатында жекешелендіру объектілер тізімінен жергілікті табиғи монополиялар нысаны болып табылатын және халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін маңызды 200-ден астам әлеуметтік маңызы бар объектілер алынып тасталды. Осылайша, бұл объектілер мемлекеттің меншігінде қалады. 

Сонымен қатар алдағы уақытта мұндай объектілерді жекешелендіру туралы мәселе тек инвесторлар тарапынан мемлекет мүдделерін ескеретін шарттармен келіскен жағдайда ғана қаралуы мүмкін. Осылайша, Мемлекеттік мүлік тізілімінде «Табиғи монополиялар субъектілері» деген жаңа бөлім пайда болады. Аталған бөлімде жеке инвесторлар инвестициялық бағдарламасын ұсына отырып, нысанды сатып алуға өтінімін беру мүмкіндігі көзделетін болады. 

Төртінші. Ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың активтерін сату есебінен Ұлттық қорды толықтыру қамтамасыз етілді.

Биылғы тамыз айында, Ұлттық қорға ұлттық холдингтер активтерін бәсекелес ортаға беруден түсетін түсімдер тәртібін айқындайтын қағидалар қайта қаралды. Сондай-ақ Ұлттық қор алдындағы міндеттемелерді заңды тұлғалардың активтерін бәсекелес ортаға беруден түскен қаражат есебінен өтеуге жол берілмейді.

Бесінші. «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға түзетулер әзірленді, оған сәйкес:

- «өзара байланысты немесе аффилиирленген тұлғалар» ұғымын, сондай-ақ әлеуетті сатып алушы және онымен өзара байланысты тұлғаның бір уақытта бір сату лотына қатысуына тыйым салуды бекіту;

- жекешелендіру объектісінің ең төменгі бағасының мөлшерін баланстық немесе бағалау құны деңгейінде анықтау; 

- құны 1 млрд теңгеден асатын ірі активтерді Агенттіктің қорытындысын ескере отырып, сату ұсынылады. 

«Бұл түзетулер квазимемлекеттік секторды реформалау аясында пысықталатын болады», — деді ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров. 

Әрі қарай Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау барысы туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасады.

А. Сәтқалиевтің айтуынша, бүгінгі таңда Қор тобы 119 актив бойынша жұмысты аяқтады, оның ішінде:

  • «ҚазМұнайГаз» ҰК IPO-ға шығарылды.
  • 17 актив сатылды. Оның ішінде «Самұрық-Қазына Инвест» компаниясының құрамына кірген «Лизинг групп» АҚ, «Tin one Mining» АҚ, «Электрод СК» ЖШС, «KAZ Феррит» ЖШС және «Қазатомөнеркәсіптің» құрамындағы «Kazakhstan Solar Siliсon» ЖШС, «Astana Solar» ЖШС, «KazSilicon» МК бар.
  • 3 актив жабылды.
  • 2 актив қайта құрылды.

Әрі қарай А. Сәтқалиев «ҚазМұнайГаздың» IPO нәтижелеріне жеке тоқталды.

Оның айтуынша, кеше Қордың Директорлар кеңесі мен Үкімет «ҚазМұнайГаз» компаниясының акцияларын иеліктен шығару туралы соңғы шешімдер қабылдады. Өтініштер 9 қараша мен 2 желтоқсан аралығында қабылданды. Қазақстан азаматтары өтініштерін қанағаттандыруға басымдық берілді. Азаматтардан түскен өтініштердің жалпы саны 128,7 мың өтініш. Жалпы сомасы 74,6 млрд теңгені құрады.

Қор келесі портфельдік компанияларды IPO/SPO-ға шығаруды жоспарлап отыр:

2023-2024 жылдары – «Air Astana», «KEGOC» және «Самұрық-Энерго» жасыл активтерінің портфелі.

2024-2025 жылдары – «QazaqGaz» ұлттық компаниясы.

2025 жылы – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы.

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуныша, Жекешелендірудің кешенді жоспарында көрсетілген активтерден басқа, Қор стратегиялық емес активтер бойынша жұмысты жалғастыруып жатыр.

Мәселен, 2021-2022 жылдары:

  • 11 актив жабылды. Оның ішінде «Rompetrol» компания тобының активтерін атап өтуге болады.
  • Екі актив заңнамаға сай мемлекеттік меншікке берілді. Бұл Электр энергиясы мен қуаты рыногының Қазақстандық операторы және Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы.
  • Екі актив сатылды
  • Бір актив қайта құрылды.

«Кешенді жоспарды уақытылы және сапалы жүргізу – Қордың басты мақсаттырының бірі», — деді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.