Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің хабарлауынша, көшпелі кездесулер аясында 2022 жылдың қорытындысы бойынша, министрлер 216 жеке қабылдау өткізіп, 1498 азаматтың арыз-шағымын тыңдаған. Кездесуде 1679 проблемалық мәселе көтеріліп, оның 1241-і (74%-ы) шешілді. Ал 438-і мемлекеттік органдардың орындауында.
Өз кезегінде, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2022 жылдың ІІ жартыжылдығында әкімдердің халықпен 19,8 мыңға жуық кездесулері өткізілгенін хабарлады. Олардың барысында тұрғындар әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым нысандарын салу, экологияның жайы, жолдарды жөндеу, жер мәселелері және тағы басқа сұрақтар бойынша 33,4 мыңнан астам (99%) мәселе көтеріп, өз ұсыныстарын айтты.
Өңірлерде халықпен кездесулер өткізу қорытындысы туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов баяндама жасады.
Премьер-Министр сұрақтар негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, сондай-ақ баға мәселесіне қатысты екенін атап өтті.
«Олардың басым бөлігі министрлердің халықпен кездесулерінде жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен сол жерде шешілді. Ал қалған мәселелер мемлекеттік органдардың Іс-қимыл жоспарларына енгізілді», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, олардың кейбіріне заңнамалық өзгерістер, қосымша қаржыландыру немесе басқа ведомстволардың шешімдері қажет. Сондықтан Іс-қимыл жоспарларына енгізілген проблемалық мәселелерді уақытылы шешуді қамтамасыз ету керек.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов бірқатар министрліктердің басшылары кездесулерді алдын ала хабардар ете отырып, сапалы ұйымдастырып, қорытындысы бойынша арнайы брифингтер өткізгенін айтты. Ал, кейбір министрлік басшылары жоспарланған 15 кездесуді өткізген жоқ.
«Бұл жерде қандай да бір сылтау айту орынсыз. Ешқандай себеп қабылданбайды. Барлық кездесулер өткізілуі тиіс. Оған вице-министрлерді де тарту қажет. Бұл азаматтарды көбірек қабылдауға мүмкіндік береді. Бізге ашық және нақты байланыс қажет. Халық үніне құлақ асатын мемлекет үшін мұндай іс-шаралар халықпен қарым-қатынастың маңызды құралына айналуға тиіс», — деді ол.
Премьер-Министрдің айтуынша, бүгінде әкімдердің кездесулері жаңа форматта өткізіледі. Бұл қатысушылар санын айтарлықтай арттырып, көп мәселені шешуге мүмкіндік береді. Есептерге қарасақ, әкімдермен кездесулерде проблемалардың шамамен 99%-ы шешімін табады. Бұл орайда, Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Алматы қаласындағы оң тәжірибені атап өтуге болады. Ал, Алматы, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында тұрғындардың проблемасын шешу көрсеткіштері төмен.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов «е-Өтініш» ақпараттық жүйесіне келіп түсетін азаматтардың арыздарына қарайтын болсақ, басқаша жағдай қалыптасып отырғанын атап өтті. 2022 жылы осы жүйе арқылы 1,7 млн-нан астам адам өтініш берді және қаралды. Оның 82%-ы жергілікті атқарушы органдарға тиесілі.
«Өткен жылдың екінші жартысында азаматтардың жергілікті билікке жолдаған арыздарының саны 16%-ға артқан. Бұдан көтерілген проблемалардың бір бөлігі жергілікті жерлерде шешімін таппағанын көреміз. Сондықтан азаматтар өз мәселелерін «е-Өтініш» жүйесі арқылы шешуге мәжбүр болған. Алматы және Астана қалаларында, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында шағымдар саны көп», — деді Премьер-Министр.
Оның сөзінше, тұрғындар құрылыс, көлік және коммуникация, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мәселелері бойынша мемлекеттік органдар қабылдаған әкімшілік актілерге, олардың әрекетіне немесе әрекет етпеуіне қатысты көп шағым айтады.
«Сондықтан әкімдіктер жергілікті жерлерде мәселелерді шешудің тиімділігін арттыруы қажет. Сонда электронды жүйе арқылы арыздардың азайғанын көреміз», — деді Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, Үкімет басшысы әрбір орталық және жергілікті атқарушы органдар бойынша проблемалық мәселелер картасын әзірлеуді, нысаналы топтармен тұрақты кездесулер өткізуді, сондай-ақ кездесулердің өтетіні туралы алдын ала хабарлап, өткен шаралардың қорытындысы туралы кеңінен жариялауды тапсырды.
«Қазақстандықтар ең күрделі деген мәселелердің шешу жолдары барын көруі тиіс», — деді ол.