Мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайту және республикалық маңызы бар жолдардың сапасын жақсарту мақсатында қозғалысы қарқынды бірқатар трассаны ақылы ету бойынша жоба іске асырылып жатқаны атап өтілді.

I кезең аясында ұзындығы 5,5 мың км жолдарда бейнебақылау камераларымен, лидарлармен, байланыс антенналарымен және басқа да құралдармен жабдықталған 100-ге жуық бақылау аркасы орнатылды. Атап айтқанда, ұзындығы 1,5 мың км I санаттағы учаскелер 2021 жылғы қарашадан бастап ақылы болды. Бұл жол төсеміне күтім жасауға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және ілеспе инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысы бойынша I кезең учаскелерінде жүк көліктерінің жүріп өткені үшін ақы алу жүйесін іске қосу бойынша жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылданды. Бұл бірінші кезекте Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік көлікке қатысты болады.

Премьер-Министр жол желісін жаңғырту кезінде бейнебақылауды күшейтуге, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға баса назар аудару қажет екенін атап өтті.