Әділет министрі Азамат Есқараев атап өткендей, жобаның негізгі мақсаты – ел ішінде және шетелдегі заңсыз алынған активтерді қайтару параметрлерін анықтау. Заңның нормалары да заңсыз активтерді иемденуге және оны шетке шығаруға мүмкіндік беретін тетіктерді жоюға бағытталған. 

«Бұл заңның аясына әкімшілік-билік ресурстарының мүмкіндіктері бар және соның нәтижесінде заңсыз баю мүмкіндігіне ие болған шектеулі тұлғалар тобы жатқызылады. Активтерді қайтару жөніндегі шаралар тізбесі заңда белгіленген жоғарыда аталған тұлғалармен үлестес тұлғаларға да қолданылады», - деп түсіндірді министр ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.  

Осылайша, заң ірі сыбайлас жемқорлыққа және әкімшілік-билік ресурстары субъектілерімен біріктірілген олигополиялық топтарға қарсы пәрменді шаралар енгізеді.
 
Заңда активтерді қайтарудың ерікті де, мәжбүрлі де тәртібі көзделген. Бұл ретте қылмыстық процесс шеңберінде және соттардың немесе шет мемлекеттердің өзге де уәкілетті органдарының шешімдері негізінде заңсыз иемденілген активтерді тәркілеу мүмкіндіктері сақталады.

Бұл жерде әдістердің бірін таңдау істің сипаты мен жағдайларына байланысты жүзеге асырылатындығын атап өткен жөн.