Еліміздің түрлі бағыттардағы табыстарға жету мүмкіндігі адами капиталдың сапасына тікелей байланысты, сондықтан Қазақстанда білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға айырықша көңіл бөлініп келеді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында аталған салаларды нығайтуға бағытталған биік мақсаттарды айқындап берді, деп хабарлайды Primeminister.kz.
«Азаматтардың білім алуына, денсаулығы мен әл-ауқатына мемлекет тікелей жауапты. Әлеуметтік бюджетіміз өсіп келеді. Бұл – балабақша, мектеп, аурухана, мәдениет, спорт нысандарын салуға және жөндеуге, атаулы көмекке бөлінетін триллиондаған теңге. Қаражат сомасынан гөрі әрбір мұқтаж адамның арнаулы мемлекеттік қамқорлықты сезінуі маңыздырақ екенін естен шығармауымыз керек», — делінген Президенттің сайлауалды бағдарламасында.
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында ҚР Үкіметінің білім және денсаулық сақтау салаларын дамыту бойынша бір жыл ішінде атқарған жұмысы туралы Primeminister.kz топтамасынан оқыңыз.
-
1 қыркүйектен бастап Қазақстанда ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы көлемі: бакалавриат студенттеріне – 20%-ға, магистратура мен докторантурада оқитындарға – 15%-ға, ТжКБ студенттеріне – 50%-ға артты. Жалпы, 2025 жылға қарай студенттер шәкіртақысының мөлшері 2020 жылғы деңгейден кезең-кезеңмен 2 есеге өседі.
-
ЖОО-лар мен колледждердің жатақханаларында орын тапшылығы бір жыл ішінде 3 есеге жуық, 2022 жылғы 62,8 мың төсек-орыннан биылғы қазан айында 23,9 мыңға дейін қысқарды.
Бұл ретте жатақханалар салуға мемлекеттік тапсырыс беру тетігі жетілдірілді. Атап айтқанда, республика бойынша жылына төсек-орын үшін норматив 122 АЕК-тен 195 АЕК-ке дейін (20%-ға) және Алматыда жылына төсек-орын үшін 144 АЕК-тен 230 АЕК-ке дейін (20%-ға) ұлғайтылды.
2023 жылы 10,9 мың орындық 44 жатақхананы іске қосу жоспарланған, оның ішінде 25 жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 19 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
-
1 қыркүйектен бастап республикадағы барлық 1-4 сынып оқушылары үшін тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды. 1,4 млн бала қамтылды. Жергілікті бюджеттен 25 млрд теңге бөлінді.
Сондай-ақ халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының 5-11 сыныптарда оқитын 200 мыңнан астам оқушысы тамақтанады. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында аталған санаттағы 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етілді.
Білім беру ұйымдарында балалардың тамақтану нормалары қайта қаралды: онда отандық өнімді пайдалануға, тағам сапасының мониторингін күшейтуге және саламатты тамақтануды насихаттауға баса назар аударылды.
Азаматтардың жоғары білімге қол жеткізуін қамтамасыз етудің қосымша тетігі болатын «Келешек» ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды.
Аталған жүйе шеңберінде балаға арнаулы шот ашуға болады, оған мемлекет 60 АЕК (5 жастағы балаларға) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын салады, онда ата-аналардың ерікті жарналары, 5%-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақтала бастайды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Ұлттық қор — балаларға» бастамасы шеңберінде қаражат жинақталатын болады, бұл кейіннен жинақтарды шоғырландыруға және таңдалған ЖОО-да оқуға ақы төлеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте ҰБТ тапсыру қорытындысы бойынша өтініш беруге болатын мемлекеттік білім гранттары сақталады. «Келешек» қосымша қолдау тетігі болады. Грантқа түскен жағдайда талапкер жинақталған қаражатты тұрғын үй сатып алуға бағыттай алады.
«Келешек» ерікті жинақтау жүйесі елімізде келесі жылдан бастап қолжетімді болады.
-
Биыл аз қамтылған отбасылар мектеп киімдері мен кеңсе тауарларын өз бетінше сатып алу үшін әр балаға кемінде 40 мың теңге алды. Барлығы 463 мың бала қамтылып, 19 млрд теңге бюджет қаражаты жұмсалды.
-
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. 2026 жылға дейін 740 мың орындық 369 жаңа форматтағы мектеп салынады.
-
Жұмыс істеп тұрған мектептерді қайта жаңарту жүргізіліп жатыр. Оларда жыл сайын заманауи 1000 кабинет, яғни робототехника, химия, биология, физика және STEAM кабинеттері ашылады. 2029 жылға дейін осындай 7 мың кабинет ашылады.
-
Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру мақсатында жаңадан 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың қадамдық жоспары әзірленіп, бекітілді. Республикада 300 мың орындық 2 483 мектепке дейінгі білім беру мекемесін, оның 81 мыңын 2023 жылы ашу жоспарланған.
Жыл басынан бері 53,9 мың орындық 525 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылды. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту бүгінде 89,7%-ды құрайды. Жыл соңына дейін жаңадан тағы 27,1 мың орынды іске қосу жоспарланған.
Сонымен қатар биыл мектеп жасына дейінгі балаларды сапалы тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету мақсатында:
-
озық педагогикалық тәжірибені тарату және енгізу үшін мектепке дейінгі ұйымдардың 79 құзыреттілік орталығы ашылды;
-
педагогтер үшін, оның ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары мен әдіскерлері үшін біліктілікті арттырудың 24 курсы әзірленді;
-
19 мыңға жуық педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Мектептерде 100% үздіксіз экологиялық білім беру, барлық ресурстарды үнемді пайдалану мәдениетін дамыту моделі енгізілді.
Қолданбалы ғылымды, оның ішінде бизнестің ғылыми зерттеулерін бірлесіп қаржыландыру, ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстардың нәтижелерін коммерцияландыру үшін жағдай жасау, сондай-ақ жыл сайынғы гранттар бөлу арқылы қаржыландыруды ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілуде. Республикалық бюджеттен қолданбалы ғылымға 2024-2026 жылдарға 500 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Биылдың өзінде 16,9 млрд теңгеге коммерцияландыру бойынша 66 жоба іске асырылуда. 17,1 млрд теңгеге жаңа конкурс жарияланды.
Жалпы, ғылымның 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 3,3 есеге өсіп, 643 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар жас ғалымдарға қолдау көрсетілуде. Биылғы қазан айында 2024-2026 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобаларын гранттық қаржыландыруға 9 млрд теңгеге конкурс жарияланды. Сондай-ақ 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға конкурс жарияланды.
Жетекші жоғары оқу орындары мен ірі кәсіпорындардың жанынан мамандандырылған инженерлік орталықтарды, ғылыми-технологиялық парктерді құру және дамыту бойынша шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, ғылыми-техникалық инфрақұрылымды құруға қаржы бөлінді. 2023-2025 жылдары 2 ғылыми-технологиялық парк пен 2 инженерлік орталық құру жоспарланған:
- ҚР құрылыс және жол құрылысы секторларына аккредиттелген қызметтердің толық кешенін көрсетуге арналған құрылыс-техникалық инженерлік орталық;
-
тау-кен металлургия кешені үшін энергия өндіруші технологиялардың инновациялық инженерлік орталығы;
-
өндірістік қалдықтарды қайта өңдеудің жаңа тиімді технологияларын әзірлеу және өнеркәсіптік енгізу бойынша салааралық ғылыми-өндірістік экологиялық кешен;
-
агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ғылыми-технологиялық парк.
Жоғары білімді интернационалдандыру шеңберінде Қазақстан-неміс университетімен бірге Yessenov University базасында инжиниринг институты ашылды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Жасанды интеллект және информатика жоғарғы мектебі ашылды. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ негізінде инженерлік-техникалық бағыттағы Лу Бан шеберханасы ашылуда. ҚазҰАЗУ базасында Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының филиалы ашылды. А. Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде Heriot-Watt университетінің филиалы ашылды.
13 заманауи перинаталдық орталық құру, онкологиялық орталықтарды салу және модернизациялау жобалары жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Астанада еліміздегі алғашқы заманауи жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық салынуда. Бүгінде жұмыстар 90%-ға орындалды: сәулелік және ядролық медицина орталықтары бар 210 төсек-орындық емдеу-диагностикалық корпус, протон терапия орталығы және т.б. Бұл Қазақстанға Орталық Азияда бірінші болып онкологиялық науқастарға протонды терапия жүргізуге мүмкіндік береді.
Саламатты өмір салтын қалыптастыру шеңберінде өңірлерде жалпы саны 2,4 млн адамды қамтыған 500 мыңнан астам іс-шара мен тақырыптық дәріс өткізілді. Негізгі бағыттар – саламатты және рационалды тамақтануды насихаттау, дене шынықтыру мен спортты дамыту, темекі өнімдері мен алкоголь тұтынуды азайту, психикалық және репродуктивті денсаулықты қорғау, жарақаттануды азайту.
Жастар денсаулық орталықтарының желісі кеңеюде. Бүгінде қалалар мен ауылдық жерлерде 138 орталық жұмыс істейді. 2023 жылдың 9 айында 620 мыңнан астам адам тиісті қызметтермен қамтылды.
Ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы бекітілді.Бүгінгі таңда жоба шеңберінде 13 алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектісінің құрылысы аяқталды. Тағы 86 объектінің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында 4 көпсалалы орталық аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қашықтан медициналық қызметті дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, елімізде бірнеше отандық цифрлық шешімдер енгізілуде:
-
SmartECG бағдарламалық қамтамасыз ету – кардиологиялық зерттеулер нәтижелерін қашықтан интерпретациялау. Қазақстан Республикасының 15 өңірінде жұмыс істейді;
-
EyeLab аппараттық-бағдарламалық кешені – көз түбі кескіндерін автоматты түрде интерпретациялау және қашықтан өңдеу. Астана және Алматы қалаларында, Жамбыл, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарында жұмыс істейді;
-
MedReview бағдарламалық қамтамасыз ету – сәулелік диагностика қызметтері (рентген/мамография/КТ/МРТ) бойынша қашықтан қорытындыларды қалыптастыру. Астана қаласында және Жамбыл облысында жұмыс істейді;
-
HES-7 денсаулық диагностикасы жүйесі – шалғай ауылдық елді мекендердегі медициналық мекемелерден пациенттердің денсаулық жағдайы туралы диагностикалық ақпаратты қашықтан жинау және жіберу және телемедициналық консультациялар жасау. Пилоттық апробация Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Атырау, Ақтөбе облыстарында өткізілді;
-
киілетін құрылғыларды пайдалана отырып, азаматтардың денсаулығына қашықтан мониторинг жасау жүйесі – әлеуметтік маңызы зор үш ауру түрі: қант диабеті, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және гипертония бойынша денсаулықтың негізгі параметрлерін қадағалау. Пилоттық сынақ Астана, Алматы қалаларында және Павлодар облысында жүргізілді.
Жалпы 2023 жылдың 9 айында халыққа телемедициналық консультацияларды қоса алғанда, 687 мыңнан астам қашықтан медициналық қызмет көрсетілді.