Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жалғасуда. Бүгін баспанасы қалпына келтіруге келмейтін Қостанай ауданының 74 отбасы жаңа үйге қоныстанды, деп хабарлайды өңір әкімдігі.
Бұдан басқа, Қостанай ауданының зардап шеккен тұрғындарының зақымданған мүлік шығыны өтеліп, әлеуметтік көмек түріндегі өтемақы берілді. Төлемдердің жалпы сомасы 191,3 млн теңге. Қалпына келтіруге жататын барлық үйлерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, жөндеу жұмыстары осы жылдың 15 маусымына дейін аяқталуға тиіс.
«Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен облыстың Қостанай, Амангелді және Жангелдин аудандарында 88 жеке тұрғын үйдің құрылысы басталды.
Сондай-ақ зардап шеккен тұрғындар үшін Қостанай қаласының Қонай шағын ауданында 15 үй салу жоспарланған, оның 8-і басталды.
Мемлекет шығынды өтеудің екі әдісін: жаңа үй салу немесе нарықта дайын пәтер сатып алуды ұсынады.
Залалды бағалау жөніндегі комиссияның мәліметінше, Қостанай облысында 475 үй қалпына келтіруге жатпайды. Қазіргі уақытта 208 тұрғын жаңа баспанамен қамтамасыз етілген, бұл зардап шеккендердің 43,7% құрайды. Пәтерлер тұрғындардың меншігіне беріледі.