ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Лотарингия университеті (Université de Lorraine) филиалының білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру үшін келесі бакалавриат білім беру бағдарламалары бойынша 95 грант бөлді: «Шетел тілі мұғалімдерін даярлау»; «Халықаралық қатынастар және дипломатия»; «Менеджмент және басқару»; «Қаржы, экономика, банк және сақтандыру ісі»; «Маркетинг және жарнама»; «Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі».

Бұл студенттер үшін Франциядағы беделді университеттердің бірінде білім алудың бірегей мүмкіндігі. Сонымен қатар, ынтымақтастық аясында студенттер мен оқытушылар алмасу бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік алады, бұл олардың академиялық және мәдени тәжірибесін байытып, университеттің халықаралық байланысын нығайтуға ықпал етеді.

Білім беру бағдарламалары мамандарды еуропалық стандарттар бойынша оқытуды қамтамасыз етеді және шетелдік серіктес жоғары оқу орнының дипломын алуға мүмкіндік береді. Оқуды аяқтағаннан кейінгі берілетін халықаралық диплом әлемдік еңбек нарығында түлектердің бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырып, олардың кәсіби дамуы үшін жаңа перспективаларға жол ашады.