Қайырымдылық жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын қолдайды, онда бұқаралық спорт пен балалардың дене тәрбиесінің басымдығы көрсетілген. Жобаны іске асыру балаларды шаңғы жарыстарымен қамтуды кеңейтіп қана қоймай, балалар мен жасөспірімдер арасында шаңғы спортын танымал етудегі, олардың денсаулығын нығайтудағы және дене белсенділігіне тартудағы маңызды қадам болады.

«Қазақстан халқына» ҚҚ мәліметінше, Ақмола облысында спорттық инфрақұрылымы жоқ ауылдарда 5 балалар спорт залы жабдықталған, аталған залдарда балалар спортпен тегін айналысады. Сапалы спорт жабдықтарымен жарақтандыруға 43,8 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, Степногорск қаласында ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоса алғанда, жасына қарамастан барлық тұрғындар үшін ангар үлгісіндегі спорт кешенін салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

«Жобаның бюджеті 173,3 млн теңгені құрайды. Біздің үлесіміз балаларды спортпен шұғылдануға шабыттандырады және облыста бұқаралық спорттың дамуына елеулі үлес қосады деп үміттенеміз», — деп атап өтті Лаззат Чинкисбаева.

Ақмола облысы ұзақ қысы бар солтүстік өңір ретінде шаңғы жарысын дамыту үшін негіз болып табылады. Бұл спорт түрі Қазақстан құрамасының спорттық резервін дайындауда шешуші рөл атқарады.

Ақмола облысының аудандарында шаңғы спортын дамыту бойынша «Шаңғымен ауылға» қайырымдылық жобасының бірінші кезеңі аясында «Қазақстан халқына» қоры 721 шаңғы құрал-жабдықтарын сатып алды.

Жобаның екінші кезеңін іске асыруға бастапқы дайындық топтары үшін шаңғы жабдықтарын, сондай-ақ шаңғы роликтері мен шаңғы таяқшалары үшін ұштарын сатып алуға 84,2 млн теңге бөлінді. Бұл материалдар аймақтың 12 БЖСМ арасында таратылатын болады. Көкшетау қаласындағы «№2 олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» КММ-ге ерекше назар аударылды, онда ұзындығы 3,5 км шаңғы-ролл трассасы бар. Жаңа жабдық жыл бойы сабақ өткізуге мүмкіндік береді.