Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.
«Amanat» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 43 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын осындай объектілердің 20%-ы бейімделуге тиіс. Осылайша, 2023 жылы – Картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%-ы бейімделеді. Қазіргі уақытта ел бойынша 24 216 нысан толықтай бейімделген.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 1578 нысан бейімделді. 2027 жылдың соңына дейін 788 нысанды бейімдеу жоспарлануда.
«Ең бастысы – біздің үнімізге құлақ асатыны. Біз кедергілер туралы Әлеуметтік қорғау департаментіне шағым түсірген кезде, олар оны ұзаққа созбайды. Тексереді, соның нәтижесінде қажетті нысандарға қолжетімділіктің шынымен пайда болғанын көріп жүрміз. Бұл жүйе жұмыс істейді», – деп өз пікірін білдірді Алматы қаласының тұрғыны, екінші топтағы мүгедектігі бар Светлана Утеулиева.
Биыл Халықты Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті ҚР Әлеуметтік кодексінің талаптарының орындалуын тексеру мақсатында 129 тексеріс жүргізді. Оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері де қарастырылды. Атап айтқанда: профилактикалық бақылау аясында – 31, жоспардан тыс – 19, прокуратура органдарының бастамасымен – 79 тексеріс жүргізілді.
Тексеру нәтижесінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде 37 нұсқама берілді. Сондай-ақ жалпы сомасы 4 млн 699,3 мың теңге болатын 37 әкімшілік айыппұл салынды. Бірлескен тексерулердің қорытындысы бойынша прокуратураға 79 қорытынды ұсынылды.
Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде әкімшілік жауапкершілікке тартпай, оларды жою туралы нұсқамалар ғана енгізілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда әкімшілік айыппұл салынатын болады.