«Болжамға сәйкес, 2026 жылы тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 18,5 млн шаршы метрді құрайды. Тұрғын үй құрылысын ынталандыру ұлғайған кезде бұл көрсеткіш жоғарылауы мүмкін», – деді ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, тұрғын үй құрылысы бойынша ең үлкен көрсеткіштер республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеледі деп болжанып отыр. 

Сонымен қатар тұрғын үй құрылысының қарқыны нәтижесінде көрсеткіштер үш жыл қатарынан жоспарланған деңгейден асып түсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Жоспарланған 19,2 млн шаршы метрдің орнына 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, оның алдындағы жылғы көрсеткіштен көп болды. Жалпы алғанда, жоспарлы көрсеткіш елдің 18 өңірінде артығымен орындалды.