Күн жаңалықтары
30.07.2026
Жарияланымдар · 10
Кендірлі әуежайының құрылысы белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде
Маңғыстау облысында стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жоба – Кендірлі жаңа әуежайының құрылысы белгіленген кестеге сәйкес жалғасуда. Жаңа әуе айлағы өңірдің көлік-логистикалық және туристік әлеуетін арттыратын негізгі даму нүктелерінің біріне айналмақ. Ол Кендірлі курорттық аймағына тікелей әуе қатынасын қамтамасыз етіп, инвестиция тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және туристер ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды өңір әкімдігі.
Мемлекеттік еңбек инспекторларының бақылауымен 36 мыңға жуық жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанда мемлекеттік еңбек инспекторларының жұмысы нәтижесінде 36 мыңға жуық жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету бойынша жетекші орындардың бірін иеленіп отыр
Дүниежүзілік банк, ДДҰ, ЮНИСЕФ, БҰҰ және IGME-нің бірлескен есебіне сәйкес, 2025 жылы еліміздегі неонаталдық өлім деңгейі (өмірінің алғашқы 28 күні ішінде) 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда 3,04-ті құрады. Бұл – өңірдегі ең үздік көрсеткіш және АҚШ деңгейімен шамалас, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
Абай облысында «EcoForest» толық циклді ағаш өңдеу өнеркәсіптік паркінің құрылысы басталды
Жоба өрттен зардап шеккен және санитарлық кесуге жататын ағашты тиімді өңдеуге, қосылған құны жоғары өнім шығаруға, өндіріс қалдықтарын қайта пайдалануға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Абай облысының әкімдігі.
Елімізде 1,3 млн тонна астық бастырылды - ҚР АШМ
Өңір әкімдіктерінің жедел мәліметтеріне сәйкес күздік дақылдарды жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Орташа өнімділік гектарына 19,1 центнерді құрады. Бүгінгі күні 1,3 млн тонна астық бастырылды, оның ішінде 890,4 мың тоннасы – бидай. Сонымен қатар көкөніс және бақша дақылдарын жинау жалғасуда. Бүгінгі таңда 339 мың тонна көкөніс пен 140 мың тонна бақша дақылы жиналды, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Қайтарылған активтер есебінен Қызылордада емхана салу үшін 6,5 млрд теңге бөлінді
Үкімет Мемлекет басшысының заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару және ел дамуына бағыттау жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Арнаулы мемлекеттік қордан Қызылорда қаласында жаңа емхананы салуға және оны техникалық жабдықтауға 6,5 млрд теңге бөлді. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту алғашқы медициналық-санитариялық көмекке қолжетімділікті жақсартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Бір күнде еліміздің бес өңірінде жаңғыртудан өткен 9 теміржол вокзалы пайдалануға берілді
Атырау облысында Мақат, Сағыз және Доссор станцияларының теміржол вокзалдарын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Қайта жаңғырту барысында барлық нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстарының кешені орындалды: тірек конструкциялар, шатырлар мен қасбеттер жаңартылды, инженерлік желілер ауыстырылды, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді, іргелес аумақтар абаттандырылып, жаңа жиһаздар мен заманауи жабдықтар орнатылды, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігі.
Президент Марокко Короліне құттықтау жеделхатын жолдады
Қасым-Жомарт Тоқаев Король VI Мұхаммед пен оның отандастарын Марокко Корольдігінің төл мерекесі – Таққа отырған күнімен құттықтады.
Түркияның SunExpress әуе компаниясы Қазақстанға рейстер ашады
ҚР Көлік министрлігі тұрақты негізде ұшу географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын арттыру жұмыстарын жүргізуде. Ағымдағы жылдың 31 шілдесінен бастап Қазақстанның әуе тасымалдары нарығына Түркияның SunExpress әуе компаниясы кіреді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Балқаш қаласында жаңа мыс қорыту зауыты салынып, 1200 тұрақты жұмыс орны ашылады
Мемлекет басшысының шикізатты терең өңдеуді дамыту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Qazaq Smelter» ЖШС арасындағы мыс қорыту зауытын салу жобасы бойынша инвестициялар туралы келісімді мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Primeminister.kz.