Оның айтуынша, МӘМС жұмыс істеген 3,5 жылда денсаулық сақтау жүйесі әлеуетінің өсуі байқалуда. Қысқа уақыт ішінде медициналық қызметтің жаңа түрлері пайда болды, медицина жаңа технологиялармен толықты, клиникалар арасында бәсекелестік қарқын алды.

«Сонымен қатар адамдар өз емханаларында көбірек тексеруден өтіп, дәрігерлерден кеңес ала бастады. МӘМС-тің артықшылығының бірі осы», – деді вице-министр.

Осылайша, МӘМС медициналық қызметтерді тұтынуды арттырудың белгілі бір тетігіне айналды. Бұл ішінара өмір сүру ұзақтығы мен туудың өсуіне байланысты және өз кезегінде қарттардың, жүкті әйелдер мен балалардың медициналық қызметтерді қарқынды тұтынуына әкелді.

«Тағы бір маңызды мәселе – МӘМС енгізілгеннен кейін ол қоғам үшін медициналық ұйымдарды басқару проблемаларын неғұрлым нақты көрсетті. Сервиске назар аударыла бастады және алғаш рет «пациент құқығы» деген ұғым пайда болды», – деді Т. Сұлтанғазиев.

Сонымен қатар бүгінгі күні шешуді қажет ететін бірқатар проблема да жеткілікті. Біріншіден, денсаулық сақтау саласы созылмалы қаржыландырудың жеткіліксіздігін бастан кешуде. Қаражат тапшылығының себептері айқын: біріншіден, медициналық қызметтерді тұтынудың өсуі осы МӘМС-тің енгізілуімен және медициналық-демографиялық көрсеткіштермен байланысты. Екіншіден, медициналық тауарлардың, соның ішінде дәрі-дәрмектердің, медициналық бұйымдардың, шығын материалдарының инфляциясының өсуі. Үшіншіден, медициналық қызметкерлердің жалақысының көтерілуі.

«Біздің елде МӘМС жарналары мен аударымдарының пайыздық мөлшері басқа мемлекеттерден, мысалы, бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттерінен Молдова, Литва немесе батыс, шығыс Еуропа мемлекеттері, Чехия, Словакия сияқты кейбір елдердегіге қарағанда әлдеқайда төмен», – деді денсаулық саласының өкілі.

Бұдан басқа, Қазақстанда МӘМС жүйесіне халықтың жеткіліксіз тартылуы проблемасы бар. Қазіргі уақытта 3 млн астам адам сақтандырылмаған және МӘМС шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтер көмегіне қол жеткізе алмайды. Алайда, соңғы бір жылдың ішінде бұл динамика оң бағыт алып, МӘМС-ке қатысушылар саны бір жыл ішінде 600 мыңға артты.

Сондай-ақ бизнес процестерді цифрландырудың төмен деңгейі және медициналық ақпараттық жүйелердің бытыраңқылығы мәселесін атап өту қажет. Бұл денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржыны басқарудың жеткіліксіздігіне әкеледі. Мұндай мәселелердің денсаулық сақтау саласын жақсарту үшін шешуді қажет ететінін баса айтты вице-министр.