Жоба ағымдағы жылдың 1 сәуірінде мұғалімдерге қашықтан оқытудың жаңа технологиялары мен ресурстарын игеруге, ата-аналарға жаңа мүмкіндіктермен етене танысуға және ықтимал қауіптерді жоюға, балаларға - сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейтуге көмектесу мақсатында құрылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры директорының орынбасары Әнуар Жанғозин мәлімдеді.

Оның айтуынша, курстар мен тренингтер тегін өткізіледі, олардың барлығы дерлік еліміздің кез келген тұрғынына қолжетімді. Осылайша, «Birge oqý» жобасы ел мектептерін қашықтан оқытуға көшіруде маңызды рөл атқарды.

Жоба шеңберінде 10 мыңға жуық педагог, 3 мың педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттері мен мұғалімдері семинарлар мен тренингтерге қатысты. Олар «Цифрлық ментор» авторлық курсында білімін жетілдіріп, сертификаттар алды.

«Birge oqý» жобасы бірнеше бағытта жұмыс істейді: білім берудің өзекті мәселелерін талқылауға арналған пікірталас алаңы, педагогтар мен ата-аналарға арналған курстар, және үшінші бағыт ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» жобасының финалистері мен жеңімпаздарын сүйемелдеуге мақсатталған онлайн мектебі». Жоба аясында 230 мың адамды қамтыған 60 тікелей эфир және 9 конференция өткізілді, 100-ге жуық бейнесабақтар түсірілді, тұрақты негізде ауылдағы мектеп оқушыларына пәндік даярлау жүргізіледі, сабақтар НЗМ, РФММ, БИЛ мектептерінің жетекші мұғалімдерінің жетекшілігімен өтеді», - деді Жанғозин.