Брифинг барысында Әділет министрі Марат Бекетаев атап өткендей, жобаның негізгі мақсаты – сараптама жүргізу мерзімін қысқарту, мемлекеттік сарапшылардың жүктемесін азайту, жеке сот сараптамасы институтын дамыту.


«Бас прокуратурамен, ІІМ-мен бірлескен бұйрық аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Қостанай және Павлодар облыстарында қылмыстық істер бойынша сараптамалардың жекелеген түрлерін бәсекелестік ортаға беру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жоба оң нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, сараптама жүргізу мерзімдері қысқартылды және сарапшыларға жүктеме төмендетілді.  Бұл бағыттағы жұмыстар сараптама түрлерін және республика өңірлерін ұлғайту арқылы жалғасады», - деді М.Бекетаев.


Сондай-ақ, Жоғарғы сотпен бірлесіп, Нұр-Слтан және Алматы қалаларының сот сараптамасы институттарында жеке сот сарапшыларының азаматтық істер бойынша бастапқы сот-құрылыс, тауартану және экономикалық сараптамаларды тағайындауы бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылды. Осылайша, жеке сарапшыларды тарту сот ісін жүргізу процесіне қатысушыларға жеке сарапшылар институтының кәсіби қабілеттілігін көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл бәсекелестік ортаны қалыптастырады.