Атап айтқанда, ведомство орта мерзімді перспективада энергия қуатының профицитін сақтауға мүмкіндік беретін бірқатар шаралар қабылдады.


Біріншіден, қуат нарығы аясында бірқатар инвестициялық келісімдер жасалды, бұл жұмыс істеп тұрған станцияларға өз қуаттарын жаңғыртуға және кеңейтуге мүмкіндік береді. Бүгінде 2022-2026 жылдар аралығында жалпы инвестиция көлемі 400 млрд.теңгеден астам, қуаты 1 325 МВт құрайтын жобалар іске асырылуда. 


Сонымен қатар, ағымдағы жылғы 26 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмалары аясында Жүйелік оператормен бірлесіп, 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді энергетикалық теңгерімді әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. 2020 жылы заңнамалық деңгейде ынталандыру әдістерін қабылдаудың арқасында маневрлік қуаттар салу жобаларын іске асыру бойынша жұмыс басталды.


«Жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдар бойынша бірқатар «ашық, ағымдағы» мәселелер де бар. Атап айтқанда, бұл – станцияның кірістілік деңгейі, осы кірістілік деңгейі көпшілік үшін нақты шығындардан төмен. Электр станцияларында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасы ерекше алаңдаушылық туғызады, оның басты себебі – қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Өкінішке орай, шекті тарифтерге енгізілген жөндеу науқандарына арналған шығындардың рұқсат етілген деңгейі қажетті қажеттіліктерді толығымен өтемейді. Статистикаға сәйкес әр түрлі себептер бойынша шамамен 2 000 МВт «тұрақты» жөндеуде тұр және электр энергиясын өндіру үшін қолжетімсіз, яғни бұл оңтүстік облыстардың – Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының жиынтық тұтынуына тең. Қолда бар қуат резервтерін іс жүзінде пайдалану мүмкін емес екенін мойындау керек», - деді вице-министр.


2021 жылға Бірыңғай сатып алушы 32 энергия өндіруші ұйыммен көлемі 9 123 МВт электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша қызметті сатып алу туралы 50 шарт жасады. 2021 жылы электр қуаты нарығы шеңберінде электр энергиясын өндіру секторына шамамен 75 млрд. теңгеге инвестиция тарту болжанып отыр.

«Электр қуаты нарығынан алынатын кіріс бөлігі станция жабдықтарын жаңғыртуға және реконструкциялауға бағытталуы тиіс. Алайда, шекті тарифтердің қазіргі деңгейі шығындарды толық көлемде жаппайтындықтан, станциялар электр қуаты нарығынан түсетін кірістердің бір бөлігін ағымдағы шығындарды жабу үшін жұмсауға  мәжбүр. Нәтижесінде, іс жүзінде біз авариялар мен технологиялық өшірулер санының өскенін  байқаймыз. 2020 жылы Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінде 4 458 технологиялық бұзушылыққа жол берілген. 2019 жылмен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтардың саны 448-ге немесе 11%-ға артты. Әрбір ірі технологиялық бұзушылық – бұл бүкіл энергетикалық жүйедегі  авария тәуекелі және Қазақстанның тұтынушыларын шектеу болып табылады», - деді спикер мәселелерге тоқтала отырып.