«Біріншіден, саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру бойынша сұрақтар. Екінші, жазықсыз сотталған және саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау процестерін ғылыми зерделеу. Сонымен қатар, жабық мұрағаттарда саяси қуғын-сүргін материалдарының зерттеушілерге қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Еліміздің азаттығы, тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыру бойынша ұсыныстар әзірлеу», - деді спикер.


Мемлекеттік комиссияның кеше өткен екінші отырысында күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер, оның ішінде аймақтардағы комиссияның жұмыстары талқыланды. 


«ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы шеңберінде жазықсыз сотталған саяси қуғын-сүргін құрбандарын анықтап, оларды ақтау бүгінгі еліміздің, халқымыздың, қоғам алдында тұрған үлкен міндет. Мемлекеттік комиссия қызметін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстанда ХХ ғасырдың 20-50 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін және ақтау процесі: «бірыңғай деректер базасын қалыптастыру» тақырыбында арнайы ғылыми бағдарлама әзірленді. Қаржы мәселесі толықтай шешілді. Бүкіл коммиссияның жұмысы, зерттеушілердің барлығы осы ғылыми бағдарлама негізінде жұмыс істейтін болады. Бағдарлама келесі аптада Жоғарғы ғылыми-техникалық кеңестің отырысында қаралады», - деді Е.Тоғжанов.


Бұдан басқа, мемлекеттік комиссияның жұмыс бағыттары бойынша 11 жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ, барлық мемлекеттік органдар мен Комиссияның жұмыс топтарының бірлескен жұмысын қамтамасыз ету мақсатында арнайы Жобалық офис ашылды. Жергілікті жерлердегі мұрағаттарда жұмысты ұйымдастыру үшін өңірлік комиссиялар құрылды. 


Жалпы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстарының қорытындылары мұрағаттардағы құжаттарды жан-жақты талдау нәтижесі бойынша, ғылыми зерттеулердің негізінде жасалатын болады.