Ол жергілікті атқарушы органдарды ҮЕҰ гранттарын беру үшін жергілікті бюджетті тарту, жергілікті белсенділерді жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешуге тарту, ауылдық ҮЕҰ-ның рөлі мен әлеуетін арттыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі бастаманы қолдауға шақырды.

Гранттық жобалардың іске асырылуын қоғамдық бақылау да енгізілуде.

«Біз орталық қаржыландыратын жобаларға да, орталықтың қызметіне де қоғамдық бақылау топтарын құрамыз. Бұл жұмыс мамыр айында басталады және барлық мүдделі азаматтық белсенділерді қоғамдық бақылау тобына қосылуға шақырамыз. Жобалардың әлеуметтік маңыздылығы мен тұрақтылығының сапасын қамтамасыз ету үшін тиімділікті бағалау жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Әдістеме қазір орталықта әзірленуде. Ол үкіметтік емес ұйымдарға таныстырылып, талқылауға берілетін болады. Орталық базасында коммерциялық сектордың даму динамикасын анықтайтын, гранттық механизмді жетілдіретін, сондай-ақ болашақ жобалардың тақырыптарын анықтайтын аналитикалық блог құру көзделген», - деп мәлімдеді Диас.

Талдау нәтижелері ұсынымдар ретінде мүдделі мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға жіберілетін болады. Ал жобалардың сапасын жақсарту үшін ҮЕҰ-ны, оның ішінде ауылдық, жақында құрылған бастамашыл топтарды жүйелі оқыту және олардың біліктілігін арттыру жоспарланған.

«Конкурстық өтінімдерді бағалау тәжірибесіне сүйене отырып, өкінішке орай, көптеген ұйымдар қызметтер мен өнімдерді неғұрлым тиімді ұсыну үшін дағдылар мен білімді арттыруды қажет ететінін көріп отырмыз. Қазақтілді ҮЕҰ әлеуетін арттыру маңызды басымдық болып табылады. Қазір азаматтық бастамаларды қолдау орталығына келіп түскен өтінімдердің тек 12%-ы ғана мемлекеттік тілде дайындалған. Орталық базасында үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтарды дайындайтын ҮЕҰ академиясы іске қосылды», - деді спикер.

Болашақта әлеуметтік жобаларды қаржыландыру көздерін әртараптандыру жоспарлануда. Корпоративтік сектордың, донорлық және грант беруші ұйымдардың ресурстары тартылатын болады.