«Аденовирустық платформадағы вакцинаны қолдану нәтижелері бойынша, сондай-ақ Ресей, Аргентина және басқа елдерде «Спутник V» препаратымен жаппай вакцинациялау кезінде алынған мәліметтер негізінде вакцинаның 1-ші компоненті мен 2-ші компоненті арасындағы уақыт аралығын ең аз ықтимал 21 күннен 90 күнге дейін арттыру мүмкін екендігі белгілі болды. Сонымен қатар, дозалар арасындағы уақыт аралығын ұзартуы иммундық жауаптың күшіне әсер етпейді, ал кейбір жағдайларда иммунитеттің жоғары белсенділігіне әкеледі. Яғни, бұл құжаттың негізінде бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына осындай өзгерістер енгізілді. Бұл ретте вакцинация өз қарқынымен жүріп жатқанын атап өтуіміз керек. Орта есеппен, біз азаматтарымызды екінші компонентті салдыруға шақыру уақытын 90 емес, 45 күннен кейін деп белгіледік. Бірақ қажет болған жағдайда, (кейбір азаматтар мұны іссапармен немесе шетелге шығумен байланыстырады), олар өздері егілген жерге өтініш беріп, 21-ші күні егіле алады. Вакцина жеткілікті. Бірінші компонент - иммунитетті тудыратын негізгі компонент болып табылады. Оның әсерін бекіту және шамалы арттыру үшін екінші компонент егіледі», - деді Алексей Цой


Сондай-ақ ол бұл халықаралық тәжірибе екенін атап өтті. Ұлыбритания, Франция, Украина, Чехия, Канада, Италия елдері вакциналардың дозалары арасындағы уақыт аралығын ұлғайту туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, бұл «Pfizer/BioNTech», «Moderna», «Vaxzeria» сынды бірқатар белгілі вакциналарға қатысты.